Париж отқа оранған кеш - ардагер журналист футболдан Әлем чемпионаты туралы
Чемпиондар лигасы тарих қойнауына енді. Нәтижесін білесіздер. Францияның Париж сент-Жермен командасы осымен қатарынан екі жыл жеңімпаз атанды. Футболды қызық етіп жүрген нағыз жанкүйерлер жеңімпазды дәл тапты деп ойлаймын, яғни, бұл нәтиже букмекерлік кеңселерді тақыр мұзға отырғызды. Чемпиондар лигасы, әлем чемпионаты секілді күрделі жарыстарда кездейсоқ команда жеңе алмайды. «Арсеналды» кездейсоқ команда деп отырған жоқпын. Олар барлық кезеңді жеңіліссіз өткізді. Тіпті қақпасына ең аз доп жіберген де «Арсенал»! Олардың қақпасына бір ойында ең көп доп соққан біздің «Қайрат»!
Чемпиондар лигасы мен әлем чемпионатының тарихына көз жүгіртсек, чемпиондық атақты иемденген командалар саусақпен санарлық қана. Бұл - футболдағы жазылмаған заң! Әлем чемпионатында - Бразилия, Италия, Испания, Германия, Аргентина... Ал, чемпиондар лигасында - Реал, Милан, Бавария, Барселона... Рас,екі жарыста да өзге де командаларды атауға болады, бірақ негізгілер - осылар.
...Дәл сол финал ойналған кеште Францияның астанасы Париж көшелері отқа оранды. Жанкүйерлердің жағдайын ойлаған қала басшылары оларға қаланың бірнеше жерінен аумағы жер мен көктей телевизорлар қойып берген. Бүлік бесінші минутта «Арсенал» ойыншылары ПСЖ командасының қақпасына гол соққан кезде-ақ басталды. Сәтсіздікке күйінген жанкүйерлер жер өртей бастады. Оларды тәртіпке шақырған сақшылармен ұстаса кетті... Нәтижесінде 300 жанкүйер финалдың жалғасын түрмеден көрді. Көліктер өртенді, үйлердің шынылары қиратылды, полицейлер таяқ жеді...
Футбол жанкүйерлерін ауыздықтау қиын. Олар бір қозғалса,жағаның ернеуінен асып кететін мұхит толқындары секілді. Өйткені олар тым көп және ессіз. Сондықтан да чемпионаттар өткен сайын ұрыс-керіс, төбелес, тіпті адам өлімі болып жататын себебі де осында.
Мен футбол жанкүйерінің ақылдан адасуын түсінбеймін де, қабылдамаймын да! Әр футбол ойыны оқыған кітабың секілді болуы керек. Оқыған кітабыңды немесе оқып отырған кітабыңды ішіндегі оқиғасына бола жыртып тастау, болмаса, отқа жағу - ес-ақылдың толық, толық емесіне куә ғой...
Әлем чемпионатына көз салсам...
...Соңғы екі жазбаның арасы сәл алшақтау боп кетті. Оған да кешірімді себептер бар: жас келді деп жабырқай бермей, ел аралап, кәрі мойынға түскен маңызды шаруаларды атқару, жарыстар мен бәсекелерді түбінен көру үшін сапарларға шығу, Мексика-Америка-Канадада өтетін әлем чемпионатына берілетін ресми аккредитация мен визалардың соңына түсу... Тәуба, бұл шаруалар оңынан бітті: аккредитация да алынды, виза да қолға тиді! Енді алыс сапарға тыңғылықты даярлану мен бұйырған ойындарды көзбен көріп, шама жеткенше пікірлер айтып, ауылға аман-есен оралуға ниеттену қалды.
Бұйырған орынды ... деп жатқаным да бекер емес. Бұл әлем чемпионатының ФИФА ұйғарған нұсқасы мен онда 48 команданың ойнайтыны,оның көрші болса да әлемнің үш мемлекетінде өтетіндігі, ол чемпионаттың 1 ай 10 күнге(?) созылатыны футболшылар үшін де, жанкүйер үшін де, қуаныш емес, реніш. Ең бастысы, 48 команда ойнайтын бұл әлем чемпионатында ешкімге қызық емес ойындар көп болады! Мысалы Германия мен Курисава ма ,сондай атын да естімеген елдің командасының ойынын Сіз таң атпай тұрып көрер ме едіңіз? Мен көрмес едім!
Оның үстіне Канада мен Мексиканы есепке алмағанда, ойындардың тым көп бөлігі өтетін АҚШ-тың жерін аралаудың өзі қиямет-қайым. Американың чемпионат ойындары өтетін Нью-Йорк пен Лос-Анжелес қалаларының арасына ең ұшқыр ұшақпен 6 сағаттай ұшасың! Ал бір шеті Сиэтл, бір шеті Майамиге ұшу, тіпті, Майамиден футбол болатын Канаданың Ванкуверіне жету... Одан да Америкадан Еуропаға ұшып келу жеңіл шығар. Бұл жерде өзім 1986 жылы өткен әлем чемпионатын бір ай бойы көрген Мексиканы айтпай отырмын. Футболдың бағасын білетін үлкен ұлым: «Әке, ақыр Алла қолдап аккредитация алдың, енді Мексикаға тағы бір соғып қайт! Сен онда 40 жыл болмадың ғой...» деді шын ниетпен. «Көреміз,балам!» дедім сыр білдірмей. Ал ішімде аласұрған ойлар: «Ой, Несіп, Мексика мен Канада түгілі, Америкадағы ойындардың ең қызығына барып келсең де тәубе!..» деп сыбырлап тұрды.
...ФИФА мен оның президенті Инфантино мырзаның жоспары (чемпионатқа 48 команда жіберуі де, футбол ойындарына сатылып жатқан билеттердің бағасы адам «өлтіретіндігі» де... -Н.Ж.) әлемдік футбол чемпионатын қабылдайтын негізгі ел Американың Президенті Дональд Трамппен үйлесе кетті. Екеуі де бизнестің көкпаршылары екен: Трамп не десе, Инфантино бас шұлғып, Инфантино не айтса,Трамп қол соғып отыр бүгінде. Содан да, бұл чемпионатқа барып, бір стадионның есігінен сығалай алғанына бақытты жанкүйерлер, әлгі интернеттен билетті сатып алуын алса да, Америкаға визадан бастап ұшып бару, әрине, ұшып қайту, жатын орын, тамақ, ары-бері жүріп тұратын көлік жағдайларын білгенде, төбе шаштары тік тұрып, кімді ұрарын білмей жүр. Бір ғана мысал: Нью-Йоркте өтетін ойындарға бару үшін (стадион Нью-Йорктен 35 шақырым жерде...-Н.Ж.) әлгі бұрылмай тіке жүретін электр пойыздардың жолақысы 150 доллар деп жазып жатыр. Қонақүйлерінің жамбасақы құны баяғыда аспанға ұшып кеткен. Олар чемпионат бітпей қайта жерге түспейді. Ал, таяуда мен сол Нью-Йоркте өтетін финалдық ойынның ең қымбат билет құнын естіп, шалқамнан түстім! Қанша деп ойлайсыздар? Ал, көздеріңізді көлегейлеп, құлақтарыңызды тас бітеңіздер: 32 800 америка доллары! Мен сол шалқамнан түскен күйдемін әлі...
Бұларды естіп, оқып алған соң, мен өзіме де жұдырық түйіп отырмын: баяғыдай жартылай болса да, көмек беретін өз газетім жоқ, ат үстінде жүргенде көмек қолын созатын жандар бар еді, енді зейнеткерлікке қайта шықпастай боп батқан кезде, олар да жоғалды . «Қара шал-ау, сенің бұл құтырысың не құтырыс осы?!!» деп түнде оянып кетіп, өзіммен жұдырықтасып аламын. «Амал не, сүйген іс сүйген жардан кем емес, өлсем сол жас шағымдағы қызығымды қуып жүріп өлейін!» деп өзімді сабырға шақырып, қайта ұйқтап кетуге тырысамын...
Мені қойшы,бұған дейін өзім барып қызықтаған бес чемпионатқа (Испания-82, Мексика-86, Италия-90, Франция-98, Бразилия-2014) қарағанда бұл чемпионаттың тағдыры қиын болатын секілді маған. Чемпионат өтетін үш ел де бір-бірімен тату емес. Ал, осылардың ішіндегі орталық ел Америкаңыз жауын жаумай су боп жатқан мемлекет: көршілеріне дөң-айбат көрсету, алыстағы елдермен қарулы соғыс, өз ішіндегі күндегі оқ атулар, бақталас екі саяси партияның қарусыз майданы... Қарап отырып, денең суып кетеді. Әр елдің спорттық делегациясында 60-қа тарта адам бар 48 мемлекеттің командасы, ресми аккредитация алған 16 000 журналист, оларға телевидение және басқа БАҚ өкілдерін қосқанда 60 000-ға жетеді деп отырған баспасөз өкілдері, жоғарыда айтқандай, бір ойын үшін ғана осы үш елге аттанғалы отырған жүз мыңдаған жанкүйер... Білмеймін, мұншама белгісіздіктермен бұл чемпионаттың табысты өтуі, әй, қиынның қиыны болар-ау...
Қой,тізгін тартайын! Болмаса,40 күнде айтуға жоспарлаған әңгімемді бір күнде айтып,тастап, жұмыссыздыққа ұрынып қалармын.
Несіп Жүнісбаев