Кәмелетке толмағандардың еңбек құқығы қалай қорғалады - еңбек инспекторы заң талаптарын түсіндірді

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқығы қалай қорғалады - еңбек инспекторы заң талаптарын түсіндірді
Коллаж: Elordainfo.kz

Жаз маусымы - оқушылар мен студенттердің өз демалысын алғашқы еңбек жолына қадам басып, тырнақалды табыс табуға арнайтын кезеңі. Ал кәмелетке толмағандар қайда жұмыс істей алады? Олардың еңбек құқықтары қалай қорғалады? Бұл жөнінде Elordainfo.kz тілшісі зерделеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны - 1,7 млн. Еңбекминнің мәліметінше, солардың ішінде 5 300 оқушы жұмыспен қамтылған.

Ал жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттер қандай жұмыс істей алады? Мемлекеттік еңбек инспекторы Мәди Ғұбайдуллин олар көбіне жеңіл жұмыстарға тартылатынын айтады. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар кафе, кофехана, күндізгі уақытта даяшы болу, курьер қызметі,  архив, мәдениет ұйымдарындағы жеңіл жұмыс, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары және басқа да денсаулыққа зиян келтірмейтін, оқу процесіне кедергі жасамайтын жұмыстарды істей алады. Жалпы, еліміздегі еңбек заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың (14–18 жас) еңбек етуіне рұқсат етіледі, бірақ оған қатысты арнайы шектеу бар.    

«ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек шартын жасауға жалпы негізде 16 жастан бастап жол беріледі. Сонымен қатар, 15 жасқа толған азаматтар негізгі орта білім алған жағдайда жұмыс істей алады. Ал 14 жастағы оқушылар ата-анасының келісімімен оқудан бос уақытта, денсаулыққа зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарды орындауға құқылы. Ерекше жағдайларда 14 жасқа толмаған балалар да театр, кино, концерт және цирк саласында шығармашылық қызметке қатыса алады. Мұндай жағдайда еңбек шартына заңды өкілдерінің бірі бірге қол қояды», - дейді ол.

Оның айтуынша, кәмелетке толмаған жұмыскерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.

«14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ал 16 мен 18 жас аралығындағы жұмыскерлер үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауға тиіс. Бұл талаптар жасөспірімдердің денсаулығын қорғау және олардың білім алу процесіне кедергі келтірмеу мақсатында енгізілген», - дейді Мемлекеттік еңбек инспекторы.

Заңнама бойынша, егер жұмыс беруші кәмелетке толмаған қызметкердің еңбек құқықтарын бұзса немесе еңбек шартында көрсетілген міндеттерді орындамаса, Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, еңбек шартын жасаспау, жалақыны уақытында төлемеу, заңда тыйым салынған жұмыстарға тарту немесе жұмыс уақытын асырып жіберу сияқты әрекеттер үшін айыппұл қарастырылған. Бұл мәселелер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-87 баптарында көзделген.

«Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бірнеше уәкілетті мемлекеттік орган қорғайды. Негізгі бақылаушы орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мемлекеттік еңбек инспекциясы. Бұл орган еңбек заңнамасының сақталуын қадағалап, жұмыс берушілерге тексеру жүргізеді және құқық бұзушылық анықталған жағдайда шара қолданады.

Сонымен қатар, прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуына жалпы қадағалау жүргізеді. Егер жұмыс беруші заң талаптарын өрескел бұзса, прокуратура тиісті шаралар қабылдай алады.

Балалардың құқықтарын қорғаумен Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен жергілікті әкімдіктер жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органдары да айналысады. Олар балалардың қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуін және құқықтарының бұзылмауын бақылауға қатысады», - дейді Мәди Ғұбайдуллин.

Сондай-ақ, маман егер кәмелетке толмаған қызметкердің құқықтары бұзылса, жасөспірім немесе оның ата-анасы еңбек инспекциясына, прокуратураға, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімдерге немесе сотқа жүгіне алатынын айтты. Бұдан басқа еңбек құқықтары бұзылған жағдайда eGov порталы арқылы немесе е-өтініш арқылы онлайн түрде шағым беруге болады.

«Елімізде кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту және олардың еңбек құқықтарын бұзу фактілері аз кездеспейді. Әсіресе, мұндай жағдайлар жазғы демалыс кезінде жиі анықталады. Көбіне жасөспірімдер еңбек шартынсыз жұмысқа қабылданып, заңда белгіленген уақыттан артық еңбек етуге, оның ішінде түнгі уақыттарда жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Ал мұндай жағдайда, ең алдымен, жұмыс берушілер еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауы қажет. Әрбір жасөспіріммен міндетті түрде еңбек шарты жасалып, онда жұмыс уақыты, міндеттері мен еңбекақы мөлшері нақты көрсетілуі тиіс. 14–15 жастағы балалар жұмысқа тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен қабылдануы керек.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды түнгі, ауыр және қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмеуі қажет. Жұмыс уақыты заңда белгіленген нормадан аспауға тиіс. Жасөспірімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі керек», - дейді инспектор.

Ал мемлекеттік органдар тарапынан еңбек инспекциялары мен профилактикалық тексерулерді тұрақты жүргізу, жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстарын күшейту бұл тұрғыдағы заңсыздықтардың алдын алуға көмектесетіні анық.