ЖИ дәуірінде жұмысшы мамандарды даярлау жүйесі өзгереді

Бүгін, 12:43
Думан Аманжол Думан Аманжол
ЖИ дәуірінде жұмысшы мамандарды даярлау жүйесі өзгереді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын дәріптеу негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілген. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуын және технологиялық жаңғырудың қарқынды үдерісін ескере отырып, жаңа білім беру моделін қалыптастыру міндетін қойып отыр», - деп атап өтті Премьер-министр.

Бүгінде Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. 552 студент колледжде 11,6 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен 138 мың адам дуальды оқытумен қамтылған. 2026 жылы 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2035 жылға дейін экономикаға 2,9 млн қызметкер қажет болады. Оның 1,8 млн-ы – жұмысшы мамандар. Кадрларға деген ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, энергетика, сауда және қызмет көрсету салаларында болжанып отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов мамандар даярлау сапасы экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Білім беру жүйесі өндірістегі өзгерістерге тез бейімделуі қажет.

«Мемлекет басшысы экономиканың түрлі саласына заманауи технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа буын мамандары қажет екенін үнемі атап өтуде. Жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аудару қажет.

Қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуге тиіс. Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.