Олжас Бектенов жыл соңына дейін Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын іске қосуды тапсырды
Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ғылым және Еңбек министрліктеріне жыл соңына дейін жетекші компаниялармен бірге мемлекет пен жеке серіктестік негізінде кәсіптерді трансформациялаудың ұлттық орталығын толыққанды іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ колледждердің тартымдылығын арттыру міндеті қойылды.
«Оқу бағдарламаларын еңбек нарығы мен халықтың сұранысына сәйкес үнемі жаңғыртып отыру керек. Қажетті микро-біліктіліктерді алу мақсатында қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар ашқан жөн. Колледж кәсіби білім мен дағдыларды меңгеру үшін саналы түрде таңдайтын білім ошағына айналуы тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Колледждердің құрылысын салу және жаңғырту: Олжас Бектенов 1 қарашаға дейін ТжКБ-нің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды
Сондай-ақ, Премьер-министр техникалық және кәсіптік білім беру инфрақұрылымының жай-күйіне назар аударды. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған.
«Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды тапсырды. Яғни, еліміз алып құрылыс алаңына айналуға тиіс. Аталған міндет аясында Мемлекет басшысы колледждерді салу мен оларды кешенді түрде жаңғырту тәсілдерін де мақұлдады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027-2030 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын әзірлеп енгізу тапсырылды.
Еске сала кетсек, елімізде 2 мыңнан астам жаңа мамандық анықталды.