Штатты қысқарту: Қызметкерге қандай төлемдер тиесілі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында штатты қысқарту кезінде еңбек шартын бұзу талаптары және қызметкерге қандай төлемдер берілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Штатты қысқарту жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негізінің бірі. Бұл ретте жұмыс берушінің қысқарту жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын жүргізуі қызметкердің еңбек құқықтарын автоматты түрде тоқтатуды білдірмеуге тиіс.
Заңнамалық негіз
Қазақстан Республикасының заңнамасы жұмыстан босатудың нақты тәртібін және қызметкерді қорғауға бағытталған кепілдіктерді көздейді. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты қызметкерлер саны немесе штаты қысқарған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Хабарландыру тәртібі
Еңбек кодексінің 53-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді алдағы уақытта еңбек шартының бұзылуы туралы кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек шарты хабарлама мерзімі аяқталғанға дейін де бұзылуы мүмкін.
Әлеуметтік кодекстің 103-бабына сәйкес жұмыс беруші мансап орталығына қызметкерлердің алдағы босатылуы туралы ақпаратты кемінде бір ай бұрын электрондық түрде Enbek.kzжеке кабинетінде электрондық түрде беруге міндетті.
Зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін екі жылдан аз қалған қызметкерлерге ерекше назар аудару қажет. Олардың санды немесе штатты қысқарту бойынша жұмыстан шығарылуына жол берілмейді.
Өтемақы төлемдері
Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді. Еңбек немесе ұжымдық шартта төлемнің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.
Еңбек кодексінің 113-бабының 4-тармағына сәйкес қызметкерге тиесілі сомаларды төлеу еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жұмыс берушіге қойылатын талаптар
Қысқартуды жүргізу кезінде жұмыс берушіге талаптар кешенінің сақталуын қамтамасыз ету қажет: нақты ұйымдастырушылық негізге ие болу, қызметкерді тиісті түрде хабардар ету, қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін кепілдіктерді сақтау.
Еңбек шартын бұзу жұмыс берушінің тиісті актісімен ресімделеді. Актінің көшірмесі қызметкерге тапсырылуы тиіс. Сондай-ақ жұмыс беруші еңбек қызметін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.
Егер жұмыс беруші тиесілі сомаларды төлемесе немесе жұмыстан шығару рәсімін бұзса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына, келісім комиссиясына немесе сотқа жүгінуге құқылы. Қызметкердің еңбек қатынастарын растайтын құжаттары болғаны жөн.
Астана қаласы бойынша статистика
Биыл Астана қаласында еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша 149 ұйымның 547 қызметкері санының немесе штатының қысқаруына байланысты бұзылды, яғни барлығы 1330 қызметкерге хабарлама жіберілді. Оның 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылған, 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады.
Қызметкерге арналған үш негізгі кепілдік
Қызметкер үшін қысқарту кезінде үш негізгі кепілдікті есте ұстаған жөн:
• алдағы жұмыстан босату туралы алдын ала хабарлау;
• бір айдағы орташа жалақы мөлшеріндегі өтемақы төлемі;
• жалақыны және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны қоса алғанда, түпкілікті есеп айырысу.
Белгіленген қысқарту тәртібін сақтау – бұл қызметкердің әлеуметтік қорғалуының кепілі, заңды және әділ еңбек қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі.