«Адамды өзгертемін деп отбасы құрмау керек»: Астанада студенттерге сау қарым-қатынас жайы айтылды

«Адамды өзгертемін деп отбасы құрмау керек»: Астанада студенттерге сау қарым-қатынас жайы айтылды
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Отбасы күні қарсаңында Астанада студенттерге арналған «Сау қарым-қатынас: green flag, red flag» тақырыбында интерактивті тренинг өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Еуразия ұлттық университетінде өткен кездесуде жастарға болашақ отбасындағы өзара сыйластық, сенім, жеке шекара және жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Студенттер спикерлермен бірге қарым-қатынастағы оң және қауіпті белгілерді талқылап, түрлі өмірлік жағдайға қатысты пікірін білдірді.

Іс-шараға Республикалық Аналар алқасының өкілдері, психолог Серікгүл Сали, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Республикалық Аналар алқасы төрағасының кеңесшісі Камал Әлпейісова жастарға отбасы мен тәрбиенің адам өміріндегі рөліне тоқталды.

«Аналардың басты мақсаты – ұл-қыздарының бақыты. Ал ер адам мен әйел адамның болашақтағы жолы қосылғаннан кейін аналар сол жолдың ұзақ, бақытты, нұрлы болғанын тілейді. Ал ол көп нәрсеге байланысты. Ол ұлдың да, қыздың да ақылына, өмірде көргеніне, түйгеніне және содан сабақ ала білуіне байланысты», – деді ол.

Спикер жастардың алдында үлгі болатын тұлғалардың тәжірибесінен сабақ алудың маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, отбасында алған тәрбие мен ұстаздардың берген білімі адамның болашақ жолына тікелей әсер етеді.

Ал психолог Серікгүл Сали қазіргі жастар арасындағы қарым-қатынаста жиі кездесетін мәселелерге тоқталып, «green flag» пен «red flag» ұғымдарын өмірлік мысалдар арқылы түсіндірді.

«Ешқашан адамды өзгертемін деп отбасы құрмаймыз. Отбасын құрған соң бір-бірімізді өзгертуге тырыспай, бірге дамып, бірге өсеміз. Бірлесіп даму, бірлесіп өсу, бірлесіп өз әлеуетімізді жүзеге асыру – green flag», – деді психолог.

Тренинг барысында қаржылық мәселелерді жасыру, өтірік айту, серіктесінің жеке шешімдеріне араласу, опасыздық сияқты әрекеттер қарым-қатынастағы қауіпті белгілер ретінде талқыланды. Ал ашық сөйлесу, адалдық, жеке таңдау мен жауапкершілік, бір-бірінің дамуына қолдау көрсету сау қарым-қатынастың негізгі белгілері ретінде аталды.

Кездесуде студенттер де белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Интерактивті формат жастарға қарым-қатынастағы күрделі жағдайларды өз көзқарастары тұрғысынан талдауға мүмкіндік берді.

Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің мақсаты – жастарды отбасы құруға алдын ала дайындап, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.

ЕҰУ «Туризм» кафедра меңгерушісі Ляйля Муталиева спикерлерге алғысын білдірді.

Бұған дейін кітап оқуды өмір салтына айналдырған астаналық отбасы туралы жаздық.