ТжКБ жүйесінде 14 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленді

Бүгін, 11:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
ТжКБ жүйесінде 14 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленді
Фото: primeminister.kz

Техникалық және кәсіби білім беру (ТжКБ) жүйесінің мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді, олардың 4348-і жұмысшы біліктіліктері бойынша. Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, сол бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Барлық білім беру бағдарламаларында микробіліктіліктер және Minor қосымша бағдарламалары енгізілуде. Бұл ретте барлық бағдарламаларға кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған Minor енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ, 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды. 2027 жылдың соңына дейін мұндай бағалаудан 30 колледж өтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елімізде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін жаңа модельге көшіру жүргізіліп жатқанын айтты.