Жұлдыз Сүлейменова: Техникалық және кәсіби білім беру жүйесі еңбек нарығына сай жаңа модельге көшіп жатыр

Жұлдыз Сүлейменова: Техникалық және кәсіби білім беру жүйесі еңбек нарығына сай жаңа модельге көшіп жатыр
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін жаңа модельге көшіру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті,  деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы шеңберінде жүйені жаңғыртудың негізгі бағыты бойынша кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, білім беру мазмұны жаңартылуда, педагогтердің кәсіби әлеуеті арттырылуда, цифрлық интеграция жүргізілуде, нормативтік база жетілдірілуде.

Жаңа модельдің негізгі міндеті – әрбір жасқа еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп беріп, әрбір кәсіпорынды қажетті білікті кадрмен қамтамасыз ету. Ендігі кезеңде ТжКБ жүйесін тек маман даярлайтын білім беру жүйесі ретінде емес, экономиканың кадрлық қажеттілігін нақты қамтамасыз ететін негізгі институт ретінде қалыптастыру көзделуде.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 480 колледжде жұмысшы біліктіліктері бойынша кадрлар даярлануда. Жалпы білім алушылар саны — 131 мың студент. Оның басым бөлігі, яғни 103 мыңы (79%-ы) - 9-сынып базасынан кейін оқуға түскен жастар. Биыл жұмысшы мамандықтарына оқуға қабылдау 57,8 мың студентке артты.

Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де едәуір артып отыр. Соның ішінде тігінші мамандығының (79%) және аспаз мамандығының (77%) үлесі анағұрлым жоғары.

Еске салсақ, Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысы өтіп жатыр.