Өнеркәсіп және құрылыс салаларына 36,7 мың маман қажет - Ерсайын Нағаспаев

Бүгін, 12:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Өнеркәсіп және құрылыс салаларына 36,7 мың маман қажет - Ерсайын Нағаспаев
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын іске қосу, кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және құрылыс көлемінің артуы білікті жұмысшы кадрларға деген жаңа сұранысты қалыптастырып отыр. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік ететін салалар бойынша мамандарға жалпы қажеттілік 36,7 мың адамды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, кадрларға деген негізгі қажеттілік құрылыс саласына – 16,2 мың адамды, өңдеу өнеркәсібіне – 14,4 мың адамды құрайды.

Сонымен қатар технологиялық өзгерістер еңбек нарығындағы сұраныс құрылымына да әсер етуде. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа құзыреттер мен заманауи мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр.

Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша жаңа кәсіптер атласында бүгінде 75 жаңа кәсіп айқындалған. Оның ішінде 47 кәсіп тау-кен металлургия кешеніне, 11-і машина жасау саласына және 17-сі құрылыс саласына тиесілі. Бұдан бөлек, технологиялық өзгерістердің әсерінен тағы 41 кәсіптің сипаты өзгеруде.

Кадрға деген ең жоғары қажеттілік пен бос жұмыс орындарының едәуір үлесі құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия кешені салаларында сақталып отыр.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жұмыс орындарының қолжетімділігі туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына назар аударды.