2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет
2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет, олардың 1,8 млн-ы жұмысшы мамандықтары. Бұндай жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі экономиканың қазіргі және болашақтағы қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, озыңқы негізде жұмыс істеуге тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, елімізде жұмыс күші - 9,8 млн адам, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған, осылайша жұмыспен қамту деңгейі - 96%. Еңбек ресурстарының едәуір бөлігінің техникалық және кәсіптік білімі бар.
Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалып отыр. Электронды еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы – жұмысшы кәсіптер. Сондықтан да негізгі міндет сұранысты қалыптастыру емес, кадрлар даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттілігіне сәйкестігін қамтамасыз ету болуы керек.
Болжам бойынша, 2035 жылға дейін ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасады.
Осыған байланысты, ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін кеңейді, бұлар - инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсіп, биотехнология, жасыл энергетика, ядерлық энергетика салалары.
Министр сонымен бірге технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертуде екенін айтты. Мәселен, кейбір кәсіптер жойылады, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады және қызметтің мүлде жаңа бағыты пайда болады.
Мұндай жағдайда кадрларды даярлау жүйесі қазіргі заманғы экономиканың сұранысына сәйкес келетіндей болашағы зор мамандықтарды алдын ала анықтап, біліктіліктер мен білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңарту қажет.
Еске салсақ, 11 өңірде он үш жаңа колледж салу жоспарланып отыр.