Парламентте «Президент туралы» конституциялық заң жобасы таныстырылды
ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленген «ҚР Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерлан Сәрсембаев заң жобасы «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» конституциялық формуласына негізделген мемлекеттік басқарудың заманауи әрі орнықты моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Жоба мемлекеттік биліктің жаңартылған конституциялық архитектурасы жағдайында Қазақстан Президентінің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызмет тетіктерін жүйелі түрде айқындайды.
Заң жобасында президенттік институтқа қатысты бұрын енгізілген демократиялық шектеулер, оның ішінде Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір реттік мерзімі, Мемлекет басшысының партияда болмауы туралы талаптар, сондай-ақ оның жақын туыстарына қатысты шектеулер сақталады.

Заң жобасының негізгі жаңалығының бірі – Қазақстан Вице-президенті институтын енгізу. Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен тағайындау тәртібі, кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары, өкілеттігін тоқтатудың негізі, сондай-ақ мемлекеттік биліктің жоғары органдары қызметінің тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі функциялары көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасында Президент актілеріне қатысты мәселелер реттеледі, оның ішінде Конституцияда көзделген жағдайларда заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылады.
Еске сала кетсек, 15 наурыздағы республикалық референдумда жаңа Конституцияны дауыс берушілердің 87,15 пайызы қолдаған еді.