AMANAT партиясының елордалық филиалы меморгандардың қатысуымен халықпен кездесу ұйымдастырды
«Астаналық» базарында AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның елордалық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі қабылдау аясында мемлекеттік мекеме өкілдері тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, қабылдауға Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің, елордалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының, Білім басқармасының, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Астана қаласының Энергетика басқармасының, Астана қаласы Полиция департаментінің, Мемлекеттік кірістер басқармасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының және «Отбасы банк» АҚ өкілдері қатысты.
Тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, зейнетақы жарналары, медициналық көмек алу, зейнеткерлерге арналған жеңілдіктер, сондай-ақ халық көп шоғырланған аудандарға жаяу жүргіншілер жол белгілерін орнату секілді мәселелер бойынша жүгінді.
Елордалық жеке кәсіпкер Мейрам Абдрахманов мемлекеттік мекемелер мен халық арасында байланыс орнатуға ықпал еткен партияға алғысын білдірді.
«Бүгін базарға кездейсоқ келген едім. AMANAT партиясы мемлекеттік органдардың қатысуымен халықпен кездесу ұйымдастырып жатыр екен. Осындай кездесулер жиі өткізіліп тұрса деп ойлаймын. Жеке кәсіпкер болғандықтан, күнделікті жұмыс барысында көптеген сұрақтар туындайды. Бүгін Еңбек инспекциясы мен тұрғын үй мәселесіне қатысты сұрақтарыма жауап алдым. Осындай шараны ұйымдастырған AMANAT партиясына алғысымды білдіремін», – деді ол.

Партияның Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
«Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша партия жанындағы Қоғамдық қабылдауға 673 өтініш пен арыз түсті. Оның 258-і бойынша мәселелер оң шешімін тапса, 407 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ал 8 өтініш бойынша жұмыстар жалғасуда. Мұндай мобильді қоғамдық қабылдаулар елордадағы халық көп шоғырланатын базарлар мен саудаорталықтарында тұрақты түрде өткізілетін болады. Бұл шаралар тұрғындардың сұрақтарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді», – деді Мұхаммед Әбдіәшімұлы.
