ЕҚЫҰ өкілі Қазақстан сот жүйесіндегі цифрландыру жетістіктерін жоғары бағалады

Бүгін, 10:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
ЕҚЫҰ өкілі Қазақстан сот жүйесіндегі цифрландыру жетістіктерін жоғары бағалады
Фото: Жоғарғы Сот

Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге жоғары сот органының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Жанна Волкова, Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Асылбек Мүсіралинов, ЕҚЫҰ ДИАҚБ өкілдері Соултана Фалиеру мен Константин Вардзелашвили қатысты.

А.Түкиев ЕҚЫҰ ДИАҚБ-пен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне тоқталып, құқық қолданудың өзекті мәселелері бойынша қалыптасқан кәсіби диалогтың тиімділігін ерекше айтып өтті.

Сондай-ақ ол 2024 жылы Астанада Орталық Азия елдері үшін Қылмыстық сот төрелігі бойынша форумның бірлесе отырып табысты өткенін және қазақстандық судьялардың ЕҚЫҰ ДИАҚБ іс-шараларына белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ өкілдеріне Қазақстанның сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат берілді.

Бұл реформалар сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, бұзылған құқықтарды тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, соттар мен судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесін цифрландыруды дамытуға бағытталған.

М.Телалиан қоғамның демократиялық институттарын дамыту үшін соттардың жоғары деңгейдегі тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстанның сот жүйесіндегі цифрландыру деңгейінің жетістіктерін атап өтті.

Тараптар пікір алмасып, өзара қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниетін білдірді.

Еске сала кетейік, Астанада жас заңгерлердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған тренинг өтті.