Франкфуртқа ұшап бара жатқан ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонуға мәжбүр болды

Франкфуртқа ұшап бара жатқан ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонуға мәжбүр болды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Астана – Франкфурт бағытындағы рейсті орындау кезінде Air Astana компаниясының Airbus A321 әуе кемесі Ақтөбе әуежайына шұғыл түрде қонды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін әуе кемесінің экипажы қозғалтқыштың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялап, Ақтөбе қаласының қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдады.

Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған.

Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Қонғаннан кейін әуе кемесі тұрақ орнына өздігінен жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуежайдың авариялық-құтқару және тиісті жерүсті қызметтері жұмылдырылды.

Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе әуе кемесінің зақымдануы туралы ақпарат түскен жоқ.

Ведомствоның мәлімдеуінше, оқиға ауыр инцидент ретінде жіктелді, оны министрліктің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тергейді.

Air Astana әуе компаниясының мәліметінше, аталмыш ұшақ Астанадан сағат 08: 54-те ұшып шығып, техникалық себеппен 11.34-те Ақтөбеге қонған.

«Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін әуе компания Алматыдан резервтік ұшақ жіберді және рейстің жолаушылармен Ақтөбе қаласынан ұшуы бүгін 14.20-ға жоспарланған. Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрайды», делінген компания хабарламасында. 

Еске сала кетсек, отандық лоукостер сұраныстың өсуіне байланысты Астана мен Ақтаудан ұшатын рейстерді көбейтіп жатыр.