Отандық лоукостер сұраныстың өсуіне байланысты Астана мен Ақтаудан ұшатын рейстерді көбейтіп жатыр

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Отандық  лоукостер сұраныстың өсуіне байланысты Астана мен Ақтаудан ұшатын рейстерді көбейтіп жатыр
Фото: FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі

Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылдың жазғы кезеңінде ішкі бағыттар бойынша рейстер санын көбейтіп, ел ішінде саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

– Астана – Шымкент – Астана бағыты бойынша 1 маусым мен 31 тамыз аралығында жекелеген күндері рейстер жиілігі күніне төрт ретке дейін ұлғайтылады;

– Астана – Қызылорда – Астана бағыты бойынша 6 маусым мен 29 тамыз аралығында жекелеген күндері күніне екі рейске дейін көбейтіледі;

– Ақтау – Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 3 маусым мен 28 тамыз аралығында кері рейстер қосылады;

– Ақтау – Ақтөбе – Ақтау бағыты бойынша 1 маусым мен 31 тамыз аралығында қосымша ұшу күні қосылады.

Ұшу кестесінің кеңеюі жолаушыларға сапарларын икемді жоспарлап, демалыс күндеріндегі қысқа сапарлардан бастап, маршруттық желі аясындағы ыңғайлы транзиттік бағыттарды таңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әуекомпаниясы 2026 жылға арналған халықаралық бағдарламасын да күшейтіп, Қазақстан астанасы мен батыс өңірден ұшу географиясын кеңейтуде.

Астанадан Газипаша (Аланья), Батуми және Ыстықкөл (Тамшы) қалаларына жаңа бағыттар ашылды. Сонымен қатар, Кутаиси бағыты бойынша рейстер саны артып, Ташкент маршруттық желіде тұрақты негізде сақталады.

Ақтаудан жаз маусымында Батуми, Баку және Кутаиси қалаларына рейстер орындалады. Батумиге рейстер 6 маусым мен 29 тамыз аралығында аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады, ал Баку бағыты бойынша 1 сәуір мен 23 қазан аралығында аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері орындалады. Кутаиси бағыты әуекомпанияның жыл бойғы маршруттық желісіне кіреді, бұл ретте, жазғы кезеңде рейстер жиілігі аптасына үш ретке дейін – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері – арттырылады.

Билеттер әуекомпанияның ресми сайтында, мобильді қосымшасында және басқа да сату арналары арқылы қолжетімді. Стандартты тарифке ұшақ салонындағы кездейсоқ орын және салмағы 7 кг-ға дейінгі бір дана қол жүгі (өлшемі 56×23×36 см-ден аспауы тиіс) кіреді. Әуекомпаниясы қосымша қызметтерді алдын ала сатып алуды ұсынады – бұл 70%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.