PGL Astana 2026: Елордаға Counter-Strike чемпиондары келеді

PGL Astana 2026: Елордаға Counter-Strike чемпиондары келеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

15-17 мамыр күндері Астанадағы Barys Arena кешенінде Counter-Strike 2 бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі өтеді. Елорда екінші жыл әлемдік киберспорт индустриясындағы ең беделді жарысты қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігі.

Турнирді әлемдегі жетекші киберспорт ұйымдастырушысының бірі — PGL Esports SRL өткізеді. Компания бұған дейін Стокгольм, Антверпен, Бухарест және Сингапур қалаларында ірі халықаралық турнирлер ұйымдастырған.

Жарысқа әлемнің ең үздік 16 командасы қатысады. Олардың қатарында Team Spirit пен G2 Esports бар.

Турнирге халықаралық медиа және киберспорт өкілдерінің қатысуы жоспарланып отыр. Олардың қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ Counter-Strike аңызы әрі әлем чемпионы Габриель Толедо бар.

Айта кетерлігі, турнирдің жүлде қоры 1,6 млн доллар.

2025 жылғы турнир PGL сериясындағы мейджор мәртебесіне ие болмағанына қарамастан, ең ірі жарыстың біріне айналды. Финал бәсекесін Twitch платформасында бір мезетте 920 мыңнан астам көрермен тамашаласа, жалпы қаралым саны 1,3 млн-нан асты.

Турнир медиалық әсерден бөлек, туризм мен қала экономикасына да оң ықпалын тигізіп отыр. 2025 жылы іс-шараға шамамен 20 мың көрермен келіп, қонақүйлер, мейрамханалар және қалалық инфрақұрылым нысандарына түсетін жүктемені арттырды. Жалпы экономикалық әсер көлемі 11,6 млн долларға жуық болды.