Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирі басталды

Бүгін, 10:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирі басталды
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Бүгін елорда төрінде дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирі өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

8–10 мамыр күндері аралығында өтетін байрақты бәсеке биыл Қазақстанда төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін додаға әлемнің үздік дзюдошылары қатысуда. Жарыс талаптарына сай 39 елден 300-ден астам спортшы тіркелді.

«Турнир барысында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ әлемдік рейтингтің көшбасшылары бақ сынайды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) талаптарына сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары беріледі. Бұл ұпайлар спортшылар үшін 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алу жолындағы маңызды кезең болмақ. Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің Астанада тұрақты түрде өтуі Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттырып, елдегі дзюдо спортын дамытуға серпін береді», делінеді хабарламада.

Айта кетейік, 2027 жылы Астана дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл Қазақстанның ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, әлемдік дзюдо картасындағы орнын нығайтып келе жатқанын көрсетеді.

Барша спорт сүйер қауімді ел абыройын қорғайтын спортшыларға жанкүйер болуға шақырамыз. Кіру тегін. Сондай-ақ, жарысты Qazaqstan ұлттық арнасынан, QazSport арнасы мен Judo TV интернет арнасына тамашала аласыздар.

Еске салсақ, мамыр айында ел өңірлерінде ауқымды спорт жарыстары өтеді