Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосты

Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосты
Фото: СІМ

Бакуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «ТурАн» (TourAN) бірлескен қазақ-әзербайжан туроператорының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның бастамашылары – Discover Jetisu (Қазақстан) және Smile Azerbaijan Tour LLC (Әзербайжан) компаниялары. Құжаттарға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің ғимаратында қол қойылды.

Жаңа туроператордың жарғылық капиталы тараптар арасында тең бөлінді. Компанияның қызметі экотуризмді, мәдени және гастрономиялық турларды, сондай-ақ медициналық және іскерлік туризмді қоса алғанда, туристік қызметтердің кең ауқымын қамтиды.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел бірыңғай туроператор құру екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өңірдің біртұтас туристік бағыт ретінде халықаралық тартымдылығын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары өзара туристік алмасудың оң динамикасы байқалуда, ал мұндай бастамаларды іске асыру туристер ағынын одан әрі арттыруға септігін тигізеді.

Дипломат 2024-2025 жылдары Қазақстанның Бакудағы Елшілігі салалық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған екі қазақ-әзербайжан туристік форумын ұйымдастырғанын еске салды. Үшінші форумды биыл Түркістанда өткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әзербайжан арасында дамыған әуе қатынасы бар. Аптасына 30-дан астам рейс жүзеге асырылады.

Еске сала кетсек, елордада қонақжайлылық саласына арналған жаңа академия іске қосылды.