Ел ғалымдары жаңа астық сорттарына патент алды

20 сәуір, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ел ғалымдары жаңа астық сорттарына патент алды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы аграрлық саладағы жаңа селекциялық жетістіктер мен технологиялық шешімдерге бірқатар патент рәсімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа сорттардың қатарында жалаң дәнді «Дамсинский» сұлысы, жаздық қатты «Торғай» бидайы, мал азықтық «Изумрудное» тарысы және тағамдық «Реноме» тарысы бар. Олардың барлығы елдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып шығарылған және құрғақшылыққа төзімді, сабағы берік құлап қалмайды әрі тұрақты өнімділігімен ерекшеленеді.

Әзірлеушілердің мәліметінше, бұл сорттарды енгізу өнімділікті 2–10 ц/га дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, майлы зығырды өсіру тәсілі де патенттелді. Бұл технологияда алдыңғы дақылдың егістігін жинауға дейін гербицидпен өңдеу қарастырылған. Мұндай тәсіл егістіктегі арамшөпті азайтып, кейінгі дақылдың өнімділігін арттыруға және өсімдіктерді қорғау шығындарын оңтайландыруға жол ашады», делінеді хабарламада.

Жаңа сорттар солтүстік және солтүстік шығыс Қазақстанда қолдануға бағытталған, бұл аймақтар тәуекелді егіншілік аймағына жатады. Оларды енгізу - аграршыларға өндірістің тұрақтылығын арттыруға, климаттық тәуекелдерді азайтып, шаруашылықтардың экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға көмектеседі деп көзделіп отыр. 

Еске салсақ, Қазақстан ғалымдары күнделікті тағамдардың нақты порциясын есептеп шықты.