Елімізде жүк көліктерінің қозғалысына көктемгі шектеу енгізіледі
Еліміздің бірқатар өңірінде 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында ауыр жүк көліктерінің қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шара жыл сайын көктем мезгілінде, яғни қар еріп, су тасыған кезде жол негізінің босап, осал болуына байланысты қабылданады. Шектеу жол жабындысының бұзылуын болдырмауға бағытталған.
«23 наурыздан бастап Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарындағы автожолдарда қозғалыс шектеледі. Бұл ереже жалғыз оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қатысты болып табылады және 1 мамырға дейін жалғасады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде осыған ұқсас көктемгі шектеуді енгізіп қойды. Олар Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1 сәуірге дейін күшінде болады.
Айта кетейік, бұл шектеулер халықаралық тасымалдарға, жолаушылар көлігіне, сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек және төтенше жағдайлардың жүктеріне қолданылмайды.