Қазақстандық мамандардың халық денсаулығына төнетін қауіптерді цифрлық бақылау жүйесі туралы мақаласы ТМД елдері арасындағы халықаралық байқауда бірінші орын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласы – 2026» журналы ұйымдастырған байқауда қазақстандық сарапшылардың Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықтың жұмысын жаңғыртуға арналған мақаласы үздік деп танылды.
Еңбек «ТМД елдерінің ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
Мақала авторлары – Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерік Байжүнісов пен Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының стратегиялық даму және цифрландыру басқармасының басшысы Қанат Асқаров.
Мақалада таныстырылған негізгі әзірлемелердің бірі – Saqbol интерактивті картасы. Бұл жүйе әлем бойынша төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде бақылауға, олардың орналасқан жерін картада көрсетуге және халық денсаулығына әсер етуі мүмкін қауіптерді бағалауға мүмкіндік береді.
Платформа эпидемиологиялық, климаттық, экологиялық және техногендік факторларды қамтиды. Сондай-ақ шұғыл әрекет етуді қажет ететін маңызды оқиғаларды автоматты түрде анықтайды.
Министрліктің мәліметінше, мұндай жүйе инфекциялық аурулардың таралуы, табиғи апаттар мен өзге де төтенше жағдайлар кезінде қауіптерді ерте анықтап, тиісті шешім қабылдауға көмектеседі.
Алдағы уақытта мамандар Saqbol жүйесін қосымша дереккөздермен толықтырып, болжамдық талдау мүмкіндіктерін кеңейтуді және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жетілдіруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін елімізде өкпе ауруларын ерте анықтау жұмыстары күшейтілгені хабарланған еді.