Меруерт Балғынбаева: Ақмарал Ерекешева әлемнің жетекші гимнасшыларынан еш кем түспейді
Көркем гимнастикадан Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. 16 жастағы Ақмарал Ерекешева көпсайыста 6-орын алып, екі жаттығудан финалға шықты. Сонымен қатар Қазақстанның топтық жаттығудағы командасы 13-орынға тұрақтады. Әлем чемпионатынан кейін Ақмарал Ерекешеваның жеке бапкері Меруерт Балғынбаева Elordainfo.kz тілшісіне жарыстың қорытындысын шығарып, Ақмаралдың жетістігі, көркем гимнастиканы дамыту, алдағы Азия ойындарына дайындық туралы пікір білдірді.
– Меруерт ханым, сіз бапкер ретінде 2025 жылы Бразилияда, биыл Германияда өткен әлем чемпионаттарына қатыстыңыз. Екі әлем чемпионатын салыстыра аласыз ба?
– Екі әлем чемпионатының да өзіндік ерекшелігі бар. 2025 жылы Бразилияда топтық жаттығудағы қыздарым әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетіп, 17-орынға тұрақтаған еді. Биыл сол нәтижемізді жақсартып, 13-орынға көтерілдік. Сонымен қатар Ақмарал да ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына қатысты.
Жарыстың атмосферасына келсек, Бразилиядағы дода үлкен футбол стадионын елестететін спорт сарайында өтті. Көрерменнің қарасы қалың, айналада нағыз спорт мерекесінің лебі сезіліп тұрды. Ал Германиядағы «Вестхалле» сарайына шамамен 9 мың көрермен сияды. Дегенмен бұл нысанның өзіндік тарихы бар. 1907 жылы салынған кешен екі дүниежүзілік соғысты бастан өткеріп, тіпті бомбалаудан зардап шеккен екен. ХХ ғасырдың басында Еуропадағы ең ірі ғимараттың бірі саналған.
Ұйымдастыру жағынан немістердің жұмысына жоғары баға беруге болады. Барлығы алдын ала мұқият ойластырылған. Жарыс өтетін орын, жаттығу залы мен қонақүйдің арасы жаяу барғанда небәрі 5-10 минуттай болды. Бұл спортшылар үшін өте қолайлы жағдай.
– Ал спорттық бәсекелестік деңгейі қандай болды?
– Бәсекелестік өте жоғары болды. 73 елдің әрқайсысы өз елінің үздіктерін алып келді. 102 спортшының арасынан көпсайыста үздік 18-дікке ену, ал жекелеген жаттығуда финалға шығатын сегіз спортшының қатарына қосылу оңай емес.
Біріншіден, бірнеше жылдан кейін Ресей мен Беларусь спортшылары бейтарап мәртебеде әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Олар жарыста бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Көпсайыста Ресейдің Мария Борисова, София Ильтариякова және Беларусьтің Алина Гарнасько спортшысы шешуші кезеңге, яғни үздік 18 гимнасшының қатарына енді.
Екіншіден, бұл әлем чемпионатында Лос-Анджелес Олимпиадасының алғашқы лицензиялары сарапқа салынды. Көпсайыста жүлделі үштікке енген спортшылар Олимпиада жолдамасына ие болды. Ал келесі жылы лицензия әр құрлықтың үздіктері мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері беріледі.
– Ақмаралдың әлем чемпионатындағы өнеріне қандай баға бересіз?
– Ақмаралдың финалға шығуының өзі - үлкен жетістік. Себебі оның қарсыластың барлығы Олимпиада мен әлем чемпионаттарына бірнеше рет қатысқан, тәжірибесі мол спортшылар. Көпшілігі 20 жастан асқан.
Ал небәрі 16 жастағы Ақмаралдың көпсайыста 6-орын алуы, таспа мен ұршық жаттығуларынан финалға шығуы мені бапкер ретінде қуантады. Ұршық жаттығуында ол бар мүмкіндігін толық көрсетіп, 5-орынға тұрақтады.
Бастапқыда біздің мақсатымыз көпсайыста үздік 18 спортшының қатарына ену болатын. Алайда шәкіртім ойлағанымыздан да жоғары нәтиже көрсетті.
Қазақстанның көркем гимнастикадағы тарихына көз жүгіртсек, 2007 жылы Әлия Юсупова әлем чемпионатында көпсайыста 6-орын алған еді. Ақмаралдың бұл нәтижені қайталауы – біз үшін маңызды көрсеткіш.
– Бұған дейін Ақмаралдың мықты тұсы оның ширақтығы мен күрделі элементтерді орындай алатыны екенін айтқан едіңіз. Әлем чемпионатынан кейін қай бағытта жұмыс істеу керек деп ойлайсыз?
– Әлем чемпионатынан кейін нәтижелерімізді саралап, тиісті қорытынды жасадық. Дене қиындығы жағынан Ақмарал әлемнің жетекші гимнасшыларынан еш кем түспейді. Тіпті кейбір көрсеткіштер бойынша олардан жоғары деуге болады.
Дегенмен әлі де жетілдіретін тұстарымыз бар. Соның бірі - әртістік шеберлік. Көркем гимнастикада бұл бағыттың өзіндік нақты бағалау критерийлері бар. Сондықтан алдағы дайындық барысында осы компонентке көбірек көңіл бөліп, негізгі акцентті әртістік шеберлікті жетілдіруге қоямыз.
– Қазіргі таңда көркем гимнастика қыздар арасында ең танымал спорт түрлерінің біріне айналды. Бірақ әлемдік деңгейге шыққан спортшыларымыз санаулы. Ақмарал секілді таланттарды көптеп тәрбиелеу үшін не істеу керек? Қазақстанда көркем гимнастикаға бейім қыздар көп пе?
– Менің ойымша, Қазақстанда көркем гимнастиканың әлеуеті өте жоғары. Жоғары деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу үшін, ең алдымен, жақсы материалдық-техникалық база қажет екенін үнемі айтып жүремін. Сонымен қатар кейінгі буын үлгі алатын спортшылар болуы керек.
Сол себепті гимнасшыларымызды тұрақты түрде шетелде даярлауға жіберуге қарсылық білдіріп келемін. Егер бар күшіміз бен мүмкіндігімізді бір ғана спортшыға жұмсап, оны шетелде дайындайтын болсақ, ол спорттық мансабын аяқтағаннан кейін сол тәжірибенің жалғасы болмай қалуы мүмкін.
Ал спортшыларымыз Қазақстанда дайындалып, олармен бірге отандық бапкерлеріміз де тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда өссе, бір спортшының ізінен екінші, үшінші жаңа жұлдыздың шығуына мүмкіндік туады. Осылайша мықты гимнасшылардың тұтас бір буынын қалыптастырып, бұл үрдісті үздіксіз жалғастыра аламыз.
Біздің жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға мүмкіндігіміз бар. Менің негізгі мақсатым – мұны біреуге сөзбен дәлелдеу емес, өз жұмысымызбен көрсету.
Сонымен қатар жас бапкерлерді де ынталандырғым келеді. Олар «біздің де қолымыздан келеді, Қазақстанда да әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге болады» деген сенімде болуы керек.
– Әлем чемпионатында Ақмарал шетелдік жанкүйерлерді де өзінің өнерімен баурады. Жарыстан кейін шетелдік БАҚ өкілдерінен сұхбат алуға ұсыныстар болды ма? Демеушілер тарапынан қандай да бір ұсыныстар түсе ме?
– Қазір Ақмаралды Қазақстаннан тыс жерлерде де жақсы таниды. Мәселен, ол көркем гимнастикаға арналған құрал-жабдықтар шығаратын әлемдегі жетекші брендтердің бірі – Sasaki компаниясының амбассадоры.
Біз бұл әріптестікке өте қуаныштымыз. Компания Ақмаралға қажетті спорт құралдарын Жапониядан тегін жеткізіп береді. Бұл бізге кейбір шығынымызды жабуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шетелдік тігін компаниялары да хабарласып, Ақмаралға жарысқа арналған киімдерді өз есебінен тігіп беруге ұсыныс білдіріп жатады.
Жалпы, көркем гимнастикада шығын аз емес. Сондықтан Ақмаралға сай келетін әрі біздің ұстанымдарымызға сәйкес келетін жақсы әріптестік ұсыныстар болса, оларды әрқашан қарастыруға дайынбыз.
– Әлем чемпионаты аяқталды. Енді сіздер үшін маңызды жарыс – жазғы Азия ойындары. Германиядағы додада қарсыластарыңызды көріп, олардың мүмкіндіктерін бағамдап үлгердіңіздер ме?
– Германиядағы әлем чемпионатында Ақмарал көпсайыстың финалында 115.800 ұпай жинап, жалпы есепте 6-орын алды. Бұл биылғы Азия құрлығындағы ең үздік нәтиже ретінде тіркелді
Одан кейін Қытай өкілі Жи Ванг 113.200 ұпаймен 10-орын, Өзбекстан спортшысы Тахмина Икромова 112.550 ұпаймен 13-орын және Қытай гимнасшысы Зилу Ванг 112.150 ұпаймен 15-орынға тұрақтады.
Әрине, Азия ойындарында бәсекелестік жоғары болады. Германиядағы әлем чемпионаты бізге негізгі қарсыластардың қазіргі деңгейін бағамдауға жақсы мүмкіндік берді.
– Әлем чемпионатынан кейін біраз уақыт тынығасыздар ма?
– Иә, мен өзіме де, шәкірттеріме де бір күн қалыпқа келуге мүмкіндік бердім. Одан кейін бүгін таңғы сағат 9:00-де қайтадан белсенді жаттығуға кірістік.
Өйткені жазғы Азия ойындарына бір ай ғана уақыт қалды. Сондықтан уақытты жоғалтпауымыз керек.
Ақмаралдың және топтық жаттығудағы қыздарымның әлем чемпионатындағы өнерін саралап, қай бағытта жұмыс істеу керектігін талқыладық. Енді алдағы жарысқа бар күшімізді салып дайындаламыз.
-Сұхбатыңызға рахмет!