Азамат Ағзамов: Астана халықаралық спорт додаларының тұрақты орталығына айналды
Астана қаласы еліміздегі халықаралық бәсекелерді ең көп қабылдайтын қалаға айналып үлгерді. Сондай-ақ елорда бұқаралық спорт түрлерін де қарқынды дамытып келеді. Осы орайда Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылдың көрсеткіштері мен алдағы жоспарына тоқталды.
- Азамат Қазезұлы, алдымен Астананың спорт саласындағы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына тоқталсаңыз. Қандай негізгі нәтижелерге қол жеткізілді?
- 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елорданың спорт саласында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Бүгінде спорт Астана өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Жыл сайын дене шынықтырумен тұрақты айналысатын тұрғындар саны артып, балаларын спорт секцияларына беретін ата-аналар көбейіп келеді. Қалалық жүгіру жарыстары, велошерулер мен бұқаралық жобаларға қатысушылар қатары да тұрақты өсіп келеді.
Сонымен қатар елорданың кәсіби спорттағы беделі де нығайып келеді. Астана ірі халықаралық жарыстарды қабылдап, қаламыздың спортшылары республикалық және әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғауда.
- Қазір Астана тұрғындарының қанша бөлігі спортпен тұрақты айналысады?
- Қазіргі таңда елордада 600 мыңнан астам тұрғын, яғни қала халқының 43,6 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Біздің басты мақсатымыз - спортты жасына, мүмкіндігіне және дайындық деңгейіне қарамастан, әрбір тұрғынға қолжетімді ету. Осыған байланысты жоғары жетістіктер спортымен қатар, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға, тегін әлеуметтік жобаларды кеңейтуге және спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше мән беріліп жатыр.
- Тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бағытында қандай тегін жобалар жүзеге асырылып жатыр?
- Елордада тұрғындарды тұрақты дене белсенділігіне тартуға бағытталған бірқатар тегін жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Aula Fit, Aula Football, «Өзіңнен баста!», Street Workout, йога және скандинавиялық жүріс бойынша тегін сабақтар бар. Бұдан бөлек, 15 тамыздан бастап ASTANA SPORT POWER FEST жобасының екінші маусымы басталады.
Жобаларға тоқтала кетсек.Aula Fit аясында елорданың барлық алты ауданындағы 30 аула спорт алаңында тегін жаттығулар өткізіледі. Aula Football жобасы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Аула алаңдарында тұрақты жаттығулар, әуесқой турнирлер және түрлі спорт шағын шаралар ұйымдастырылуда. Жоба тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Йога мен скандинавиялық жүрістен маусым айынан қыркүйектің соңына дейін қалалық саябақтарда тегін сабақтар өтеді. Сонымен қатар «Өзіңнен баста!» және Street Workout жобалары жалғасып келеді. Жаттығулар Триатлон саябағында, Ботаникалық бақта және Орталық саябақта кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен өткізіледі. Жалпы жазда тегін әлеуметтік спорт жобаларымен шамамен 30 мың елорда тұрғынын қамту жоспарланған. Барлық іс-шараға қатысу тегін.
- Жобалардың спорттан бөлек, әлеуметтік мәні де бар ма?
- Әрине. Бұл жобалардың тағы бір маңызды бағыты - профилактикалық жұмыс. Спорт іс-шаралары аясында нашақорлықтың, лудоманияның, буллингтің, интернет-алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесіне назар аударылады. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» және «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамалары аясындағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып отыр.
- Биыл Астанада қанша спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған?
- 2026 жылы Астанада 1 208 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 61 халықаралық, 299 республикалық және 848 қалалық жарыс бар. Жыл басынан тамыз айының басына дейін 437 іс-шара өткізілді.
- Биыл елорда қандай ірі халықаралық жарыстарды қабылдады?
- Биыл елордада бірқатар ірі халықаралық жарыс өтті. Олардың қатарында семсерлесуден Әлем кубогы, Judo Grand Slam «Qazaqstan Barysy», Counter-Strike 2-ден PGL Astana 2026, боччадан Әлем кубогы, эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы, таеквондодан Altaic Taekwondo Championships және Kazakhstan Open халықаралық турнирлері бар. Жылдың ең ірі оқиғаларының бірі «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі де болды. Оған 808 спортшы қатысып, цифрлық және классикалық спортты тоғыстырған жаңа форматтағы сайыстар ұйымдастырылды.
- Жылдың қалған бөлігінде Астанада қандай ірі халықаралық жарыстар өтеді?
- Жыл соңына дейін Астана тағы бірнеше ірі халықаралық доданы қабылдайды. 15–20 қыркүйек аралығында үстел теннисінен халықаралық турнир, 15-17 қазанда жүзуден Әлем кубогының кезеңі өтеді. Ал 24 қазан мен 1 қараша аралығында елорда еркін, грек-рим және әйелдер күресінен екінші мәрте әлем чемпионатын қабылдайды.
Бүгінде Астананы әлемдік деңгейдегі жарыстар өтетін тұрақты спорт орталықтарының бірі деп айтуға толық негіз бар. Осы бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасады. Алдын ала жоспар бойынша 2027 жылы Астанада алты әлем чемпионатын өткізу көзделген. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы шорт-трек, бокс, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо және киберспорт бойынша әлем чемпионаттары бар. Мұндай ірі жарыстарды өткізу - бір жағынан үлкен жауапкершілік болса, екінші жағынан елорданың спорттағы әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды мүмкіндік.
- Балалар-жасөспірімдер спорты бойынша жағдай қандай? Қазір Астанада қанша спорт мектебі жұмыс істейді?
- Балалар-жасөспірімдер спортын дамыту - біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Қазіргі таңда Астанада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда 62 спорт түрі, оның ішінде 39 олимпиадалық спорт түрі бойынша дайындық жүргізіледі. Спорт мектептерінде шамамен 9 мың бала мен жасөспірім тұрақты түрде жаттығады.
- Ата-аналар тарапынан «Баламды қай спорт мектебіне бере аламын? Қай жастан бастап қабылдайды?» деген сұрақтар жиі қойылады. Астанадағы спорт мектептерінде қабылдау қандай тәртіппен жүргізіледі?
- Астанада балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Әр мектепте спорттың белгілі бір бағыттары бойынша мамандандырылған бөлімдер бар. Баланы қабылдау кезінде оның жасы, дене дайындығы және таңдалған спорт түрінің талаптары ескеріледі .Мектепке қабылдау тамыз бен қыркүйек айларында жүргізіледі.
Мәселен, кейбір спорт түрлеріне балалар 4–5 жастан қабылданса, енді бір бағыт бойынша қабылдау жасы 10–12 жастан басталады. Сондықтан ата-аналар баласының жасына сәйкес келетін спорт түрін алдын ала анықтап, нақты мектепке хабарласқаны жөн.
- Елорда спортшыларының биылғы нәтижелеріне тоқталсақ. Бірінші жартыжылдықта қанша жарысқа қатысты?
- 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елордалық спортшылар 668 жарысқа қатысты. Оның 233-і халықаралық, 435-і республикалық деңгейде өтті. Жарыстар қорытындысында спортшыларымыз 2 712 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1 069 алтын, 844 күміс және 799 қола медаль бар.
Оның ішіндеАзия және әлем чемпионаттарында су добы, бокс, еркін, грек-рим және әйелдер күресі, стенд және нысана көздеу, жеңіл атлетика, семсерлесу, байдарка мен каноэде есу, дәстүрлі садақ ату, джиу-джитсу, батут және көркем гимнастика, велоспорт, триатлон, самбо, белбеу күресі, шахмат, муайтай, таеквондо және шорт-трек бойынша жүлделі орындарға қол жеткіздік.
Параспортшыларымыздың табыстары да ерекше атап өтуге лайық. Елордалық спортшылар пара нысана көздеу, пара каратэ, көру қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы шахмат, пара үстел теннисі және волейболды отырып ойнау бойынша халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
- Жылдың екінші жартысында елордалық спортшыларды қандай маңызды жарыстар күтіп тұр?
- Жылдың екінші жартысында бірнеше жауапты халықаралық жарыс бар. Соның бірі - 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Қазіргі таңда Астана атынан үш спорт түрі бойынша 6 кандидат бекітілді. Оның ішінде тоғызқұмалақтан - 3, кураштан - 1, дәстүрлі садақ атудан - 2 спортшы. Қазір спортшылар дайындық кезеңінен өтуде. Оқу-жаттығу үдерісін сапалы ұйымдастыру және нәтижелі өнер көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалады.
- Ал 2026 жылғы Жазғы Азия және Пара Азия ойындарына Астанадан қанша спортшы қатысады?
- Жазғы Азия ойындарына Астанадан 23 спорт түрі бойынша 68 кандидат қарастырылуда. Бүгінгі таңда 13 спорт түрі бойынша 24 спортшы бекітілді. Олар артистік жүзу, үстел теннисі, жүзу, нысана көздеу, спорттық құзға өрмелеу, ауыр атлетика, көркем гимнастика, бокс, су добы, джиу-джитсу, таеквондо, триатлон және гандбол бойынша сынға түседі.
Пара Азия ойындарына Астана қаласынан 8 спорт түрі бойынша 20-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Оның ішіне пара дзюдо, пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара нысана көздеу, пара велоспорт, бочча, пара үстел теннисі және волейболды отырып ойнау кіреді.
- Елорда спортшылары үшін тағы қандай республикалық жарыстар маңызды?
- 10-25 тамыз аралығында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдлимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы өтуде. Жарысқа еліміздің 18 өңірінен 1 500-ден астам спортшы қатысып, спорттың 10 түрі бойынша 274 медаль жиынтығын сарапқа салуда.
Төрт жылда бір рет өтетін бұл республикалық дода үш өңірде ұйымдастырылып жатыр. Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетика, Алматы облысында сурдо жүзу жарыстары өтсе, Орал қаласында шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресі бойынша жеңімпаздар анықталады.
Астана қаласының құрамасы 8 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Елорда намысын 94 спортшы қорғайды.
- Жоғары нәтиже көрсететін спортшы үшін медициналық сүйемелдеу де аса маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Жоғары спорттағы нәтижеге қол жеткізу үшін сапалы медициналық қолдау қажет. Бұл бағыттағы жұмысты Астана қаласының Спорттық медицина орталығы атқарады. Орталық жыл сайын шамамен 7 мың спортшыға қызмет көрсетеді. Олардың қатарында спорт мектептерінің тәрбиеленушілері мен құрама командалар мүшелері бар.
Жақында орталық Ұлы дала даңғылындағы жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда спортшыларды тексеру, емдеу, оңалту және қалпына келтіру үшін заманауи жағдай жасалған.
Ғимаратта мамандар кабинеттері, физиотерапия бөлмесі, емдік дене шынықтыру залы және қалпына келтіру рәсімдеріне арналған арнайы бөлмелер жабдықталған. Сондай-ақ кедергісіз орта қарастырылған.
2026 жылдың басынан бері орталықта оңалту бойынша 200-ден астам кеңес беріліп, 2 мыңнан астам қалпына келтіру рәсімі жүргізілді. Жыл соңына дейін шамамен 5,5 мың тереңдетілген медициналық тексеру өткізу жоспарланып отыр.
- Енді спорт инфрақұрылымына тоқталсақ. Қазір елордада қанша спорт нысаны бар?
- Қазіргі таңда Астанада 800-ден астам спорт нысаны, оның ішінде 36 ірі спорт кешені жұмыс істейді. Біз үшін инфрақұрылымның тек қала орталығында емес, барлық ауданда және тұрғын алаптарда біркелкі дамуы маңызды.
Осы мақсатта дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жұмыс істеп, ауладағы спорт және жаттығу алаңдарының желісі кеңейіп келеді. Бұл тұрғындарға спортпен өз үйіне жақын жерде айналысуға мүмкіндік береді.
- Алдағы Спорт күніне байланысты Астанада қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?
- Биыл Астанада Спорт күніне орай ауқымды бағдарлама әзірленді. 15 тамызда Триатлон саябағында жаппай жүгіру жарысы өтеді. Сол күні йога, Street Workout бойынша ашық жаттығулар мен жекпе-жек түрлерінен көрсетілімдер өтетін спорт фестивалі ұйымдастырылады.
Басты іс-шаралардың бірі - Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі. Сонымен бірге Астана қаласының байдаркада есу чемпионаты, «Сарыарқа» ауданындағы аула командалары арасындағы футбол турнирі, волейболды отырып ойнаудан ашық турнир және басқа да спорттық шаралар өтеді.