Елордада сазгер кітабының таныстырылымы өтті

25 тамыз, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада сазгер кітабының таныстырылымы өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық композиторлар одағының мүшесі, сазгер, ақын Мәриям Алғалиқызының «Рухыңмен асқақтай бер, қазақ елі!» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаңа басылымға автордың нотаға түсірілген әндері мен әндеріне жазған өлеңдері жинақталып, қазақ тіліндегі нұсқаларымен бірге ұсынылған. Кітапта сазгердің әр жылдары жазылған музыкалық шығармалары мен поэзиялық туындылары қамтылған.

Басылымның кейінгі бөлімдерінде автордың шағын әңгімелері мен «Ақ параққа түскен ой» атты топтамасы берілген. Бұл бөлімде Мәриям Алғалиқызының өмірден түйген ойлары, шығармашылық ізденістері мен түрлі тақырыптарға қатысты жеке пайым-пікірлері қамтылады.

Кітаптың мазмұны арқылы автордың ақындық және сазгерлік қырлары қатар танылған.

Таныстырылым барысында кітаптың мазмұны мен жарық көру тарихы, автордың шығармашылық жолы туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар сазгердің әндері орындалып, шығармашылық туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

«Менің әкем Алғали Отанға қызмет еткен әскери адам болған жан. Ата-анам  мемлекеттік қызметкер болғандықтан болар, балалық шағым нағашы әжемнің қасында өтті. Бүгінгі сахнада дәл осылай жарқырап тұрғаным да – ақ әжемнің еңбегі дер едім. Қазақ тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне, өлеңге, жалпы шығармашылық әлемге, өресі биік өнерге деген қызығушылығымды оятқан, үлкенге құрмет етіп, кішіге ізеттілік көрсетуді үйреткен, қазақи дәстүрді бала кезімнен бойыма сіңірген дәл осы әжем десем дұрыс болар. Шынында, поэзия – адам жүрегіне жол табатын ерекше өнер ғой. Ақынның әрбір өлеңінде белгілі бір кезеңнің тынысы, елдің мұңы мен қуанышы, адамның ішкі жан дүниесі көрініс табады. Сондықтан өлең жазу – жай ғана сөздерді ұйқастыру емес. Өлең жазу  – жауапкершілік, ол тек төрт жолды ұйқастырумен шектелмейді. Жүректен шыққан өлеңнің мәнін сезіндіру, оның астарындағы ойды түсіндіру, жаныңнан шыққан сөзді оқырман жүрегіне жетізе алу – үлкен ізденіс пен талапты, талант пен еңбекті қажет ететіні рас. Себебі оны оқырманға зорлықпен сүйгізе алмайсың. Өлеңді сезіну керек»,- деп  толғанысқа толы жүрекжарды тілегін жеткізді, - деді өзінің тырнақалды туындысы туралы автор. 

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, композиторлар мен өнер саласының мамандары, мәдениет пен өнерге қызығушылық танытқан көпшілік қауым қатысты.