Ұлытау облысында есірткі тасымалының жолы кесілді: 38 келі марихуана тәркіленді

Ұлытау облысында есірткі тасымалының жолы кесілді: 38 келі марихуана тәркіленді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлытау облысында есірткі заттарын заңсыз айналымға жеткізудің өңіраралық арнасының жолы кесілді. Бұл жұмыс «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұлытау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен өңір тұрғыны ұсталды.

Тінту кезінде жалпы салмағы 38 келі марихуана тәркіленді. Сонымен қатар қос ұңғылы мылтық пен оқ-дәрілер табылды.

Алдын ала мәлімет бойынша есірткі заттары заңсыз айналымға енгізу мақсатында еліміздің оңтүстік өңірлерінен Ұлытау облысына жеткізілген.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында есірткінің жеткізілу көзі, тасымалдау жолы және қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталады», – деді Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков.

Полиция есірткі заттарын заңсыз жеткізу және өткізу арналарының жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Ақмола облысында синтетикалық есірткілерді өндіретін кезекті зертхананың қызметі тоқтатылғанын жазған болатынбыз.