Елордада телефон мен дәрі-дәрмек ұрлаған күдіктілер ұсталды – ВИДЕО

Бүгін, 16:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада телефон мен дәрі-дәрмек ұрлаған күдіктілер ұсталды – ВИДЕО
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астанада жедел іздестіру іс-шаралары барысында екі ұрлық фактісіне қатысы бар екі жігіт анықталды. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері бейнебақылау камераларының көмегімен әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бірінші жағдайда Әлихан Бөкейхан көшесінде орналасқан автосервис аумағында ұрлық жасалған. 19 және 22 жастағы екі ер адам бөгде адамдардың еркін қолжетімділігін пайдаланып, жәбірленушінің қараусыз тұрған iPhone 15 Pro Max маркалы ұялы телефонын жасырын түрде иемденген.

Жедел қызметкерлер автосервис аумағындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында күдіктілердің әрекетін анықтап, олардың жеке басын жедел түрде белгіледі. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі ер адам да ұсталды.

Алайда тексеру барысында күдіктілердің бұған дейін де ұқсас қылмыс жасағаны анықталды. Атап айтқанда, олардың Қабанбай батыр даңғылы бойындағы дәріханадан дәрілік заттарды ұрлау фактісіне де қатысы бар екені белгілі болды.

«Қазіргі уақытта екі күдікті де Астана қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.  

Елорда полицейлері азаматтарды қырағылық танытып, жеке мүлкін қараусыз қалдырмауға шақырады. Бағалы заттарды қоғамдық орындарда немесе бөтен адамдардың еркін қолжетімді жерлерінде қалдырмау – ұрлықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.

Еске сала кетейік, елордада жалған хабарландыру арқылы ақша иемденген алаяқ ұсталды.