Қазақстан шаруаларына жаңа техника алуға 350 млрд теңге беріледі

Қазақстан шаруаларына жаңа техника алуға 350 млрд теңге беріледі
Фото: АШМ

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жыл соңына дейін 8%-ға дейін өседі деп күтіліп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін жеңілдікті лизингке бөлінетін қаржы көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді техникалық қайта жарақтандыру және шаруалардың заманауи техникаға қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – жеңілдікті лизинг. Биыл бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі 2025 жылғы 250 млрд теңгеден 350 млрд теңгеге дейін артты.

Бұл машина-трактор паркінің жаңару қарқынын жеделдетуге мүмкіндік берді. 2024 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейі 6% болса, 2025 жылы 6,5%-ға жеткен. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8%-ға дейін өседі деп болжанып отыр.

АШМ мәліметінше, 2026 жылдың тамызындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 296,9 млрд теңгені құрайтын 7 362 өтінім қабылданған. Қазірдің өзінде 265 млрд теңгеге 6 974 қаржылық лизинг шарты жасалған.

Нәтижесінде аграршыларға 7 925 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы беріледі. Оның ішінде тракторлар, астық жинайтын комбайндар, жемшөп дайындайтын техника және түрлі аспалы жабдықтар бар.

Инвестициялық субсидиялау және жеңілдікті лизинг бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қазақстанда құрастырылатын CLAAS және John Deere компанияларының заманауи техникасына да қол жеткізуде.

Министрлік техникалық қайта жарақтандырудың ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Заманауи техника егіс және жиын-терім жұмыстарын уақтылы жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өнім шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, жеңілдікті лизингке бөлінетін қаржының артуы ауыл шаруашылығы техникасының санын көбейтумен қатар, агроөнеркәсіптік кешеннің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған.

Бұған дейін елімізде жас ғалымдар мәрмәр қой етін өндіру технологиясын әзірлегенін жаздық.