Түркияда үздік әскери білім алған алты офицер Астанада қызмет етеді

Түркияда үздік әскери білім алған алты офицер Астанада қызмет етеді
Фото: ІІМ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының офицерлік құрамы Түркия Республикасының Жандармерия және жағалау күзеті академиясын тәмамдаған алты жас маманмен толықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқу орнын сәтті аяқтаған офицерлер елордадағы 5573 әскери бөліміне қызметке тағайындалды. Олар Түркияда алған білімі мен кәсіби тәжірибесін Қазақстандағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағыттамақ.

Түлектердің қатарында академияны үздік бітірген аға лейтенант Аслан Князбаев та бар. Оған үздік дипломды салтанатты рәсім барысында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған табыстады.

Қазақстанға оралған жас офицерлермен Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында кездесу өтті. Бас қолбасшының орынбасары Бекайдар Қазкеев әскери қызметшілерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, қызметтеріне табыс, табандылық және жауапты шешімдер қабылдауда сенімділік тіледі.

5573 әскери бөліміндегі тағылымдамадан кейін жас офицерлер взвод командирлері қызметіне кіріседі. Оларға елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау жүктеледі.

Қазақстандық әскери қызметшілерді Түркияның әскери оқу орындарында даярлау екі ел арасындағы әскери ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады. 2014 жылдан бері Ұлттық ұлан курсанттары Түркияның Құрлық әскерлері институтында, ал 2017 жылдан бастап Жандармерия және жағалау күзеті академиясында білім алып келеді.

Ынтымақтастық жылдары Түркияның әскери оқу орындарын Ұлттық ұланның 56 офицері тәмамдаған. Қазір олар алған білімі мен тәжірибесін қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында қолданып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.

Бұған дейін Алматыда Ұлттық ұланның заманауи әскери қалашығы бой көтеретінін жазған болатынбыз.