Елордада мектептер маңында ұзақ уақыт тұрған иесіз көліктер әкетіледі
Елордадағы «Алматы» ауданында иесіз және ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай тұрған автокөліктерді анықтау және шығару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарына іргелес аумақтарға ерекше назар аударылды. Аудан аумағындағы мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінің маңында тұрған барлық иесіз автокөліктер шығарылды.
«Мұндай көлік құралдары тұрақ орындарын алып қана қоймай, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына және коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ көшелер мен аулалардың сыртқы көрінісіне кері әсер етеді», - делінген хабарламада.
Иесіз автокөліктерді анықтау және шығару жұмыстары ауданның барлық аумағында жалғасын табады. «Алматы» ауданы әкімінің аппараты тұрғындарды көлік құралдарын ұзақ уақыт бойы пайдаланбай қалдырмауға және қоғамдық орындардағы тәртіп пен қауіпсіздікті бірлесіп сақтауға шақырады.