Астанада балалар арасында «KIDS RUN» жүгіру жарысы өтеді

Астанада балалар арасында «KIDS RUN» жүгіру жарысы өтеді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада 29 тамызда Білім күні қарсаңында балалар арасында «KIDS RUN – Білімге бастар қадам» жаппай жүгіру жарысы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спорттық іс-шара қаланың Орталық саябағындағы шаңғы-роллер жолында ұйымдастырылады.

Жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, балалар арасында бұқаралық спортты дамыту және өскелең ұрпақты дене шынықтырумен тұрақты айналысуға баулу. Сонымен қатар жүгіру жарысы жаңа оқу жылы қарсаңында мерекелік көңіл күй қалыптастырып, жас қатысушыларды біріктіруге және олардың белсенді өмір салты мен жаңа білімге деген ұмтылысын қолдауға бағытталған.

Жарысқа 6-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Жас ерекшелігіне қарай олар 300 және 500 метр, сондай-ақ 1 шақырым қашықтықта бақ сынайды. Қатысушылар саны 1000 адаммен шектеледі.
Онлайн тіркеу 26 тамыз күні сағат 09:00-де reg.elordasport.kz сайтында ашылады.

Белгіленген қатысушылар санына жеткен кезде тіркеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тіркелген қатысушыларға білезіктер 29 тамыз күні сағат 07:00-ден 08:30-ға дейін беріледі. Жарыс сағат 09:00-де басталады.

Жүгіру жарысын Астана қаласының әкімдігі, елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырады.

Естерңізге салсақ, бұған дейін Астанада Спорт күніне орай «ALMATY RUN» бұқаралық жүгіруі өткен болатын.