Жасөспірімдерді жұмыспен қамтыған жұмыс беруші нені білуі керек

Бүгін, 11:58
elordaaqparat elordaaqparat
Жасөспірімдерді жұмыспен қамтыған жұмыс беруші нені білуі керек
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласы коммуникациялар қызметінде кәмелетке толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуға қатысты өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Ерлан Исмағұлов еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Департамент басшысының айтуынша, жазғы демалыс жақындаған сайын кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі өзекті бола түседі. Осыған байланысты жұмыс берушілер жасөспірімдерді жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын жасаудың заңда белгіленген талаптарын сақтауы қажет. Сонымен қатар жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті.

Ерлан Исмағұлов кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру: жас талаптары және жұмысқа қабылдау шарттарына тоқтала кетті.

«ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек шарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалуы мүмкін. Сонымен бірге заңнамада белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасы кіші тұлғаларды да жұмысқа қабылдауға рұқсат беріледі.

Атап айтқанда, 15 жастан бастап негізгі орта немесе жалпы орта білім алып жүрген оқушылармен еңбек шарты жасалуы мүмкін, ал 14 жастан бастап оқудан бос уақытында денсаулығына және оқу процесіне зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі.

14 жасқа толмаған тұлғалар театрлар, концерттік ұйымдар, цирк және кинематография жобаларын қоса алғанда, мәдениет және өнер ұйымдарында шығармаларды жасауға және орындауға қатыса алады. 16 жасқа толмаған кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасау кезінде шартқа баланың заңды өкілдерінің бірінің қол қоюы міндетті», - деді департамент басшысы Ерлан Исмағұлов.

Кәмелетке толмағандарға қандай жұмысқа тыйым салынады

Қазақстанның еңбек заңнамасы кәмелетке толмаған қызметкерлердің денсаулығы мен адамгершілік тұрғыдан дамуын қорғауға бағытталған ерекше шараларды көздейді. Еңбек кодексінің 26-бабына сәйкес 18 жасқа толмаған адамдарды ауыр жұмыстарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға қабылдауға тыйым салынады.

Кәмелетке толмағандар жұмыс берушінің мүлкі мен өзге де құндылықтарының сақталуына толық материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқара алмайды. Сонымен қатар олардың денсаулығына немесе адамгершілік тұрғыдан дамуына кері әсер етуі мүмкін қызмет түрлеріне де тыйым салынады. Атап айтқанда, құмар ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындары, сондай-ақ алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру және сату салаларындағы жұмыстарға жол берілмейді.

Жасөспірімдердің жұмыс уақытының ерекшеліктері

Еңбек кодексіне сәйкес кәмелетке толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген: 14 пен 16 жас аралығындағы тұлғалар үшін аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс, ал 16 мен 18 жас аралығындағы қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспауы қажет. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған тұлғаларды түнгі уақытта жұмысқа тартуға жол берілмейді.

Түнгі уақыт деп 22:00-ден 06:00-ге дейінгі кезең есептеледі. Жазғы мектеп демалысының басталуына байланысты жұмыс берушілер кәмелетке толмаған азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет.

Жұмыс беруші нені білуі керек

Жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) уақтылы енгізуге міндетті. Еңбек шарты жазбаша немесе электрондық нысанда жасалып, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарының туындауына негіз болады.

ЕШЕБЖ-ге еңбек шартын жасау, өзгерту және тоқтату туралы мәліметтер, оның ішінде тараптардың деректемелері, қызметкердің лауазымы, жұмыс орны, шарттың қолданылу мерзімі және еңбек қызметінің басталу күні енгізілуі тиіс.

Сонымен қатар жұмыс берушілер жүйеде жүктілікке және босануға байланысты демалыстар, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалыстар туралы ақпаратты көрсетуге міндетті. Еңбек шартын жасау туралы мәліметтер жүйеге 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, өзгерістер туралы мәліметтер 15 күнтізбелік күн ішінде, ал еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы мәліметтер 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілуі тиіс. Белгіленген мерзімдерді сақтау еңбек заңнамасының міндетті талабы болып табылады.

ЕШЕБЖ-ге ақпаратты енгізбеу, уақтылы енгізбеу, толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер енгізу үшін жұмыс берушінің санатына байланысты 30-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде әкімшілік айыппұл қарастырылған.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға қойылатын жаңа талаптар

2026 жылғы 8 маусымнан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оған сәйкес еңбек қатынастарының кемінде бір белгісі болған жағдайда азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты (АҚС) еңбек шарты ретінде тану мүмкіндігі қарастырылады.

Мұндай белгілерге белгілі бір мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша жұмысты орындау, міндеттерді жұмыс берушінің еңбек тәртібіне бағына отырып жеке орындау, сондай-ақ еңбек үшін жалақы алу жатады.

Аталған белгілер болған жағдайда мұндай құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының барлық нормалары, соның ішінде ЕШЕБЖ-ге мәліметтер енгізу талаптары да қолданылады. Осыған байланысты жұмыс берушілерге қолданыстағы АҚС шарттарына талдау жүргізіп, қажет болған жағдайда оларды заңнама талаптарына сәйкестендіру ұсынылады.

Еске салсақ,  «JASYL EL» жастар бағдарламасы аясында елордада 14-35 жас аралығындағы 5 200-ден астам мектеп оқушысы мен студентті жұмыспен қамту жоспарланып отыр.