Қазақстандық ЖОО-лардың AI жобалары экономикаға енгізіліп жатыр
ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова елдегі университеттердің жасанды интеллект саласындағы нақты жобалары туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вице-министрдің сөзінше, Astana IT University дрондар көмегімен күн панельдеріндегі ақауларды автоматты түрде анықтайтын EnergyDronesAI жүйесін жасады. Ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты басқару мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Smart Safety Monitor жүйесін жасап шығарды. Жоба Дүниежүзілік банктің грант қолдауына ие болды.
Астана медициналық университеті телемедицинаға арналған ZhanCare.AI платформасын іске асырса, Astana IT University трансплантология саласындағы клиникалық шешімдерді қолдайтын CortexAI жүйесін әзірлеуде. Ал Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиа контентті автоматты түрде сурдоаударуға арналған SignBridge AI-жүйесін енгізді. Бұл жоба Jibek Joly телеарнасында таратылуда.
Сондай-ақ қазіргі уақытта ЖОО-лардың AI-шешімдері еліміздің туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларында да қолданылуда.
«AI-Sana бағдарламасының төртінші кезеңінің қорытындысы бойынша шамамен 1,5 мың жоба күтілуде. Барлық бастамалар – білім беру бағдарламаларын жаңғырту, AI-инфрақұрылымды дамыту, кадр даярлау және AI-Sana жобасын іске қосу – болашақ экономикасын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді ұлттық стратегияның бір бөлігі», - деді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі.
Еске салсақ, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова балаларға сапалы білім алуға жағдай жасалып жатқанын айтты.