Қазақстан мен Пәкістан кеден саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен Пәкістан кеден саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді
Фото: ҰЭМ

Қазақстан мен Пәкістан кеден заңнамасын бұзудың алдын алу және заңбұзушылықтарды анықтау бағытындағы ынтымақтастықты күшейтеді. Құрылтай екі ел үкіметтері арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісімге 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында қол қойылған.

Құжат Қазақстан мен Пәкістанның кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Келісім аясында тараптар кеден заңнамасын бұзудың алдын алу, заңбұзушылықтарды тергеу және жолын кесу бойынша бір-біріне көмек көрсетеді. Сондай-ақ экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күмән тудыратын құжаттар туралы ақпарат алмасу көзделген.

Өзара іс-қимыл сұраныс пен жауап алмасу тәртібі арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте ақпараттың құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Бұдан бөлек, екі елдің кеден қызметкерлерін оқыту, біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында өзара жіберу мүмкіндігі қарастырылған.

Келісімді іске асыру Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және екі елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін Құрылтай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді ратификациялағаны хабарланған еді.