Құрылтай Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялады. Құжат екі ел арасындағы сауда-саттықты жеделдетуге және кеден органдарының өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісімге 2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында қол қойылған.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстанның кеден қызметтері жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, ықтимал қатерлердің алдын алу және олардың жолын кесу жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіреді.
Сондай-ақ екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейту көзделген.
Келісімді іске асыру өзара саудаға қолайлы жағдай жасап, тауарлардың, көлік құралдары мен азаматтардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан мамандары Орталық Азияның Қызыл кітабын бірлесіп әзірлейтіні хабарланған еді.