Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын іске қосу ұсынылды. Бұл бастаманы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында заңнамалық шаралар қабылданып, жауапкершілік күшейтілгенімен, қайғылы оқиғалар әлі де тіркеліп жатыр.
Ол бұған мысал ретінде 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың және 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованың қаза табуына қатысты оқиғаларды келтірді.
«Қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды», – делінген депутаттық сауалда.
Айжан Аймағанова мұндай қауіптердің алдын алу үшін Қазақстанда қажетті құқықтық және цифрлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың орнына қолданыстағы профилактикалық есепке алу және электрондық бақылау тетіктерін тиімді пайдалану қажет.
Осыған байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады.
Біріншіден, еліміздің жекелеген өңірлерінде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуді ұсынды.
Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен жағдайда полиция қызметкерлерінің іс-қимылын айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажеттігін көтерді.
Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шараларды автоматты түрде цифрлық тіркеуге алуды ұсынды. Бұл полиция қызметкерлерінің сигналға қашан және қалай әрекет еткенін бақылауға мүмкіндік бермек.
Депутаттың пікірінше, аталған шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Мейраш Шынасилованың Үкіметтен кәсіпкерлердің құқығын қорғауды сұрағанын жаздық.