Елорда металлургтеріне есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік түсіндірілді

Елорда металлургтеріне есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік түсіндірілді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанада есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Елорда полицейлері Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, «ТОКК КАЗАХСТАН» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлеріне есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ есірткіні тұтыну мен таратудың ықтимал салдары түсіндірілді.

Отбасылық тәрбие мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қатысушыларға ата-аналардың балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы қандай өзгерістерге назар аударуы керектігі ескертілді. Бұл ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Профилактикалық жұмыстар, оның ішінде елордалық кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы шаралар жалғасын табады.