Құрылтай депутаты ғылыми гранттарды бес жылға беру нормасын іске асыруды сұрады

Құрылтай депутаты ғылыми гранттарды бес жылға беру нормасын іске асыруды сұрады
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда іргелі ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесі көтерілді. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қаржы министрі Мәди Тәкиевке жолдаған депутаттық сауалында 2027 жылдан бастап 60 айлық ғылыми гранттар конкурсын өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың айтуынша, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін заңнамалық норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Бұл ереже 2024 жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда да сақталған.

Алайда оның сөзінше, негізгі гранттық конкурстар әлі күнге дейін үш жылдық мерзімге жарияланып келеді.

«Ғалымдар осы үш жылды да толық пайдалана алмай келді. Өйткені конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Нәтижесінде зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады», – делінген депутаттық сауалда.

Лаура Қарабасова бұл мәселенің, әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология және климатология салаларындағы зерттеулер үшін өзекті екенін атап өтті. Өйткені мұндай ғылыми жұмыстар ұзақ мерзімді бақылау мен бірнеше маусымдық зерттеу кезеңін қажет етеді.

Депутаттың мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістер ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекіткен. Бұл конкурстық рәсімдердің кешігуі салдарынан зерттеу уақытының қысқаруына жол бермеуге тиіс.

Осыған байланысты депутат 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобаларға арналған 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурстарын өткізуді ұсынды.

Сондай-ақ бес жылдық қаржыландыруды іргелі ғылым үшін негізгі модель ретінде енгізіп, жобалардың төртінші және бесінші жылдарына қажетті қаражатты алдағы бюджеттік кезеңдерде алдын ала жоспарлау қажеттігін көтерді.

Бұдан бөлек, қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеулерге арналған гранттық конкурстарды бөлек ұйымдастыру ұсынылды.

Депутаттың пікірінше, бұл өзгерістер ғалымдарға ұзақ мерзімді зерттеулерді толық жүзеге асыруға және ғылыми нәтижелердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ерқанат Мұсылманбек елімізде электрондық жүк құжаттарын біріктіруді ұсынғанын хабарлаған едік.