Астана апатты үйлер мәселесін шешуге дайын өңірлер қатарында – Құрылтай депутаты

Астана апатты үйлер мәселесін шешуге дайын өңірлер қатарында – Құрылтай депутаты
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту қарқыны жеткіліксіз. Қазіргі жоспарлар бойынша 2029 жылға дейін 15 653 меншік иесінің баспана мәселесі шешілмей қалуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутат келтірген жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 61 367 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1 037-сі апатты жағдайда, ал 3 347-сінің тозығы жеткен. Жалпы мұндай 4 384 үйде 27 мыңға жуық меншік иесінің баспанасы орналасқан.

Соңғы үш жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 352 апатты және ескі тұрғын үй бұзылып, олардың орнына 200 көппәтерлі үй салынған.

Алайда депутаттың айтуынша, өңірлердегі реновация бағдарламаларының орындалу қарқыны төмен.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің тек үшеуіндегі меншік иелерін жаңа баспанаға көшіру жоспарланған. Бұл қажеттіліктің шамамен 1 пайызын ғана қамтиды.

Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында тұрғын үйлерді жаңарту жоспарлары қажеттіліктің 2-19 пайызын қамтиды.

Ал депутаттық сауалда Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстары 2029 жылға қарай апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін толық шешуді жоспарлап отырған өңірлер ретінде аталған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен қол жеткізу көзделген.

Жалпы, 2029 жылға дейін әкімдіктер 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын 26 972 меншік иесінің 42 пайызын ғана қамтиды.

Осылайша, қалған 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен үйлерде тұрып қалу қаупіне тап болуы мүмкін.

Осыған байланысты Әмірбек Оспанбеков Үкіметке реновация бағдарламаларының орындалуын бақылау үшін Құрылтай депутаттары мен өңір әкімдерінің қатысуымен арнайы комиссия құруды ұсынды.

Сондай-ақ апатты және тозығы жеткен үйлердегі әрбір меншік иесін көшіру мерзімдері көрсетілген бірыңғай жол картасын әзірлеуді сұрады.

Бұдан бөлек, депутат тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламаларының тиімділігін әкімдердің жұмысын бағалау көрсеткіштерінің қатарына енгізуді ұсынды.

Бұған дейін Ерқанат Мұсылманбек елімізде электрондық жүк құжаттарын біріктіруді ұсынғанын хабарлаған едік.