Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Дети Фэст – 2026» республикалық инклюзивті фестивалі өтті. Іс-шараға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, олардың ата-аналары, педагогтер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған фестивальді Қазақстанның әйелдер күштері альянсының Астанадағы өкілдігі қалалық Білім басқармасының қолдауымен өткізді.
Биыл фестивальге 200-ден астам адам жиналды. Олардың арасында 50-ге жуық бала, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік жобалардың өкілдері, шығармашылық ұжымдар және еріктілер болды.
Қатысушылар үшін түрлі ойын-сауық және шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылды. Балалар аниматорлар өткізген ойындар мен байқауларға қатысып, сиқырлы трюктер мен көгершіндер шоуын тамашалады. Сондай-ақ гүл шоқтарын құрастыру және хош иістер жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Фестивальдің негізгі бөлігінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өз өнерлерін ортаға салды. Сахнада мектептер мен оңалту орталықтарының тәрбиеленушілері, әлеуметтік жобаларға қатысатын жас өнерпаздар, әншілер, би және театр ұжымдары өнер көрсетті. Көрермендерге сән көрсетілімдері мен шығармашылық қойылымдар да ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – әр баланың қабілетін танытуына, қоғам өміріне белсенді араласуына және өзіне деген сенімін арттыруына мүмкіндік беру.
Іс-шара барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, әсіресе аналарға қолдау көрсетуге де назар аударылды.
Айта кетейік, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мыңнан астам бала бар. «Дети Фэст» фестивалі инклюзивті мәдениетті дамытуға, тең мүмкіндіктер қағидатын дәріптеуге және балалардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған.
Бұған дейін Астанада ерекше қажеттілігі бар студенттерге екі волонтерден бекітілетіні хабарланған еді.




