Қазақстан мен Беларусь халықаралық автомобиль тасымалына электрондық рұқсат беру жүйесін енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Жүйені сынақтан өткізу 2027 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе Астанада өткен Қазақстан-Беларусь халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында талқыланды.

Кездесуде тараптар екіжақты және транзиттік жүк тасымалын дамыту, сондай-ақ рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру мәселелерін қарады.
Келісімге сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін электрондық рұқсаттарды енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Ал 2027 жылы жүйені пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылмақ.
Электрондық форматқа көшу құжаттарды рәсімдеуді жеделдетуге, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және халықаралық тасымалдардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отырыста халықаралық автомобиль тасымалына берілетін рұқсаттар санын шектемеу мүмкіндігі қаралды.

Тасымалдаушылардың сұранысын қамтамасыз ету үшін тараптар 2026 жылға қосымша 5 мың рұқсат бланкісімен өзара алмасу туралы шешім қабылдады. Ал 2027 жылға арналған рұқсаттардың алдын ала квотасы 50 мың бірлік көлемінде келісілді.
Министрлік мәліметінше, Қазақстан мен Беларусь арасындағы жүк тасымалы көлемі тұрақты өсіп келеді. Осыған байланысты тараптар халықаралық тасымалдарға қолайлы жағдай жасап, көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.
Кездесу қорытындысында екі ел автомобиль тасымалы саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Еске сала кетейік, бұған дейін әуе компаниясы Алматы мен Дубай арасында жүк рейстерін орындай бастағаны хабарланған еді.