Астаналық судья жасанды интеллектке негізделген докторлық диссертациясын сәтті қорғады
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Айгерім Бакенова Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында докторлық диссертациясын сәтті қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары Сот Кеңесіне сілтеме жасап.
Диссертация тақырыбы – «Әкімшілік өндіріс саласында жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып басқарушылық шешімдер қабылдау тетіктері».
Айгерім Бакенова – Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының түлегі.

Ғылыми жұмыстың жетекшісі – заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ернар Нұрланұлы Бегалиев.
Зерттеу пәнаралық сипатқа ие болып, мемлекеттік басқару, әкімшілік әділет және сот практикасының өзекті мәселелерін қамтыған. Жұмыс аясында әкімшілік өндірісте жасанды интеллектті қолданудың теориялық негіздері және сот процестерін оңтайландырудың практикалық тетіктері қарастырылды.

Атап айтқанда, істерді сот талқылауына дайындау мерзімдерін қысқарту, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау тиімділігін арттыру бағыттарына ерекше назар аударылған.
Сонымен қатар зерттеу нәтижесінде құқық саласында тәжірибелік қолдануға арналған LegalExpert сервисі әзірленген.
Қорғау барысында қазіргі заманғы сын-қатерлер әкімшілік өндірісті ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді, соның ішінде талдамалық жұмыс пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды талап ететіні аталып өтті.
Жоғары Сот Кеңесінің мәліметінше, ведомство судьялар қауымдастығының ғылыми әлеуетін арттыруға, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын судьяларды қолдауға және құқықтық жүйенің цифрлық трансформациясы жағдайында заманауи құзыреттерді дамытуға ерекше мән беріп келеді.

Бұған дейін Қазақстан соттары жаңа кезеңге өткенін, яғни ЖИ сот практикасын талдайтынын жазған едік.