Астанада адам ұрлаған алты шетел азаматы сотталды

Бүгін, 11:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада адам ұрлаған алты шетел азаматы сотталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының «Сарыарқа» ауданының прокуратурасы адам ұрлау және өз бетінше билік ету фактілері бойынша Орталық Азия елдерінің бірінің алты азаматына қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Сот талқылауы барысында 2024 жылғы 9 желтоқсанда топ мүшелерінің бірі көрсетілмеген қызмет үшін жәбірленушіден ақша талап еткені анықталды. Ол күш қолданып, жәбірленушіні 80 мың теңге аударуға мәжбүрлеген. Кейін алдын ала сөз байласқан адамдар тобы пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып, жәбірленушіні Астана аумағында ұрлап кеткен.

Сотта прокурор сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2026 жылғы 5 ақпандағы үкімімен пайдакүнемдік ниетпен жасаған адам ұрлау қылмысы үшін кінәлі деп танып, әрқайсын 8 жылға бас бостандығынан айырды. Топтың тағы бір мүшесі адам ұрлауға жәрдемдескені және өз бетінше билік еткені үшін 7 жыл 6 ай мерзімге сотталды.

Астана прокуратурасы адам ұрлау қылмысы үшін заңда 15 жылға дейін, ал өз бетінше билік ету үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.

Бұған дейін Астанада студенттермен құқықтық сауаттылық, цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткен болатын.