Қазақстанда жастарды шаңырақ көтеруге дайындау және отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында «Республика үшін 1000 берік отбасы» республикалық акциясы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
26 қазан мен 2 қараша аралығында еліміздің барлық өңіріндегі Отбасын қолдау орталықтарында некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптар мен жас отбасыларға арналған оқыту сабақтары өтеді.
Қатысушылар алты бағыт бойынша білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді. Олар: серіктестік пен жауапкершілік, репродуктивті денсаулық, құқықтық және қаржылық сауаттылық, эмоциялық интеллект және коммуникация.
Сабақтарға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің өкілдері, тарихшылар және этнографтар да қатысады. Олар отбасындағы дәстүрлер, құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы туралы әңгімелейді. Белгілі спортшылар, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері де өз тәжірибесін ортаға салады.
Акцияға қатысу үшін тұрғылықты жердегі Отбасын қолдау орталығына хабарласу қажет.
Бастама аясында кемінде 1 000 жұпты оқытумен қамту көзделген. Алдағы уақытта еліміздегі барлық Отбасын қолдау орталығында некеге дейінгі даярлық тұрақты түрде жүргізіледі.
Акция жастарға отбасын құруға саналы түрде дайындалып, шаңырақ көтерудің жауапкершілігін түсінуге, құқықтық және қаржылық білімін толықтыруға мүмкіндік береді.