Мемлекеттік қызметтердің сапасына Telegram арқылы шағымдануға болады

Бүгін, 16:01
elordaaqparat elordaaqparat
Мемлекеттік қызметтердің сапасына Telegram арқылы шағымдануға болады
Фото: freepik.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру, мемлекеттік қызмет сапасына қанағаттануын арттыру және жүйеге сенімін нығайту мақсатында азаматтардың өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай Telegram-боты жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Азаматтар мобильдік қосымша арқылы нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызмет сапасына өтініш жолдап, бюрократияны азайту не қызмет көрсету процесін жетілдіруге ұсыныс бере алады. Бұл ретте, жақында Telegram-ботқа елорда тұрғынынан шағым түсті. 

«Азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға өтінім берген. Алайда, қызмет көрсету барысында техникалық немесе процедуралық кедергілерге тап болып, жұмыссыз ретінде тіркелу анықтамасының мерзіміне қатысты түсініспеушілік туындаған. Ол өз шағымында мемлекеттік орган тарапынан төлем беруден негізсіз бас тарту немесе мерзімді созу қаупі бар екенін көрсетті.Департамент аталған өтініш бірден назарға алып, заңнамаға сәйкес мемлекеттік бақылау жүргізді. Нәтижесінде азаматқа тиісті заңнамалық түсініктеме беріліп, мәселе оң шешімін тапты», делінген хабарламада.

Осылайша, департаментке азаматтар тарапынан медицина, білім, әлеуметтік және т.б. салаларға қатысты арыз-шағым, өтінім мен ұсыныстар келіп түседі және барлығы қарастырылып, азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты сұрағына жауап беріледі.

Telegram-ботты пайдалану тәртібі өте қарапайым. Ол үшін Telegram қосымшасын ашып, іздеу жолағына «EgovKzBot2.0» деп теріп, ботты іске қосу жеткілікті. Әрі қарай бөлімдердің ішінен «Уәкілетті органға өтініш» түрін таңдап, туындаған мәселені қысқаша сипаттап жіберуге болады. Жүйе өтінішті тіркеп, департаментке жолдайды.

Кез келген тұлға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтары бұзылған жағдайда департаментке Сарыарқа даңғылындағы 13-мекенжайға жазбаша немесе электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы, «E-Otinish» бірыңғай платформасы және Telegram бот-платформасы арқылы жүгіне алады.

Еске сала кетсек, Қазақстанда нотариустардың қызметін бақылау тәртібі өзгереді.