Қазақстанда жаңа кәсіби мереке – Бітімгерлер күні алғаш рет аталып өтіп жатыр
Бүгін Қазақстанда алғаш рет Бітімгер күні аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа кәсіби мереке БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатысу Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі саналады. Бұл еліміздің халықаралық беделін нығайтып, әлемдік қауымдастық алдындағы сенімді арттыруға ықпал етеді.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2014 жылдан бері 900-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі миссиялары құрамында қызмет атқарған.
Қазіргі уақытта 154 қазақстандық әскери қызметші Таяу Шығыс пен Африкадағы БҰҰ-ның 11 миссиясының жетеуіне қатысып жатыр. Олар Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында, Ливан мен Оңтүстік Суданда әскери бақылаушы және штаб офицерлері ретінде қызмет етіп жүр.

Қорғаныс министрлігі Мемлекет басшысының қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
2024 жылдан бастап қазақстандық ұлттық контингент Голан жоталарындағы «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясы аясында міндеттерін орындап келеді. Контингентті жіберер алдында әскери қызметшілер БҰҰ стандарттарына сәйкес кешенді дайындықтан өткен.

Сондай-ақ бітімгерлерді қажетті техникамен, заманауи қару-жарақпен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген.
Әскери қызметшілерді даярлау Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында өтеді. Онда бітімгерлер халықаралық гуманитарлық құқық, ағылшын тілі, әскери медицина және минасыздандыру негіздері бойынша білім алып, патрульдеу мен бақылау бекеттеріндегі қызмет дағдыларын меңгереді.

Қазақстан БҰҰ-дан бітімгерлік миссияларға қатысу үшін дербес мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет болып саналады.
Министрліктің мәліметінше, Голан жоталарында алғашқы ұлттық контингенттің орналастырылуы қазақстандық әскерилердің жоғары кәсібилігі мен даярлық деңгейінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетті. Ал миссия қолбасшылығы қазақстандық бітімгерлердің қызметіне жоғары баға берген.

Бұған дейін Сириядағы бітімгерлік миссияда қызмет атқарып жүрген Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялық күштерінің 74884 әскери бөлімінің аға сержанты, жарушы Диас Болатпен сұхбат құрған болатынбыз.