AI-Sana: елімізде ЖИ мамандарын даярлаудың жаңа экожүйесі қалыптасып жатыр
Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы еліміздің жаңа технологиялық саясатын қалыптастырудағы маңызды кезеңге айналып отыр.
Қазір Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кешенді экожүйе қалыптасуда. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Цифрлық кодекс күшіне енді. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Президент жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істеп келеді.
Бүгінде еліміздегі 95 жоғары оқу орнында AI-пәндер енгізіліп, 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылған. Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының жартысынан көбі жасанды интеллект бағытында біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
«Қазақстан университеттері AI-құзыреттерін оқытудан нақты қолданбалы шешімдер әзірлеу кезеңіне өтті. Қазір білім беру, медицина, энергетика, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қаржы және цифрлық сервистер салаларында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Динара Щеглова.
Министрліктің негізгі бастамаларының бірі – AI-Sana бағдарламасы. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып, жасанды интеллект негізінде технологиялық стартаптар әзірлей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
Бүгінде бағдарлама аясында 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлік бойынша білім алып жатыр. Ал SMILE платформасына студенттердің 3 300-ден астам AI-жобасы жүктелген. Ең белсенді бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және smart-технологиялар бар.
Сонымен қатар Қазақстан OpenAI, NVIDIA, Google, Huawei және Coursera секілді жетекші халықаралық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Брифинг барысында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі деңгейінде ChatGPT Edu платформасын енгізген әлемдегі алғашқы елдердің бірі екені атап өтілді. Қазіргі уақытта университеттер мен оқытушылар үшін 165 мың лицензия ұсынылған.
Вице-министрдің сөзінше, жасанды интеллектіні, ғылым мен білімді дамыту – Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтарының бірі.
Бұған дейін астаналық судьяның жасанды интеллектке негізделген докторлық диссертациясын сәтті қорғағанын жазған едік.