«Таза сана – таза қала»: Альберт Есалиев коммуналдық саладағы тың серпін туралы айтты

«Таза сана – таза қала»: Альберт Есалиев коммуналдық саладағы тың серпін туралы айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астананың тазалығы, цифрландыру, қысқы маусымға дайындық және кадр тапшылығы. «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында коммуналдық саладағы тың серпін, жаңа технологиялардың тиімділігі мен тазалық мәдениетін қалыптастыру жайлы айтты. 

Ашықтық пен цифрландыру – басты бағыт

– Альберт Темірболатұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Жаңа қызметке келгеннен кейін өзіңіз үшін қандай басты міндеттерді айқындадыңыз? Алғашқы нәтиже ретінде нені көргіңіз келеді?

– Рақмет! Мен бұл салаға сырттан келген адам емеспін. Осыған дейін де бірнеше жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеп келемін. Мекеме ішінде түрлі өндірістік бағытта істедім. Алғашында шаруашылық бағыты бойынша қызмет атқардым. Кейін өндіріс саласы бойынша орынбасар, одан кейін бірінші орынбасар болдым. Яғни осы қызметтің барлық сатысынан өттім деуге болады. Сондықтан бұл саланың мәселелері мен мүмкіндігін жақсы білемін. Қазіргі басты мақсатымыз – ашық әрі жүйелі жұмыс қалыптастыру.

«Астана Тазалықта» қыс мезгілінде екі мыңға жуық, жазда мың жарымнан астам қызметкер еңбек етеді. Осындай үлкен ұжымда барлық процесс жүйелі әрі ашық болмаса, тиімді жұмыс жүруі қиын. Сондықтан біз ең алдымен цифрландыруға басымдық беріп отырмыз.

Электронды жол парақтары, жанар-жағармайды бақылау, GPS жүйелері – мұның бәрі адами факторды азайтып, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Нәтижесін қазірдің өзінде көріп жатырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. 

«Ең үлкен мәселе – тазалық мәдениеті»

– Астананың тазалығы бүгінде қаншалықты жүйелі деңгейге жетті? Қала тазалығындағы ең түйткілді тұс не деп ойлайсыз?

– Жалпы, бұл салада жүйесіз жұмыс болуы мүмкін емес. «Астана Тазалық» – тәулік бойы жұмыс істейтін мекеме. Қыс мезгілінде кейде бір ауысымда 560-қа жуық техника шығады. Алты ауданның бәрінде жұмыс қатар жүреді. Қала күн сайын кеңейіп жатыр, жаңа аудандар пайда болып жатыр. Соған қарамастан қарды уақытында тазалау, шығару, көшелерді күтіп ұстау – үлкен жүйелі еңбектің нәтижесі.

Ал ең үлкен түйткілді мәселе – адамдардың тазалық мәдениеті. Қанша жерден тазаласақ та, егер тұрғындардың көзқарасы өзгермесе, мәселе толық шешілмейді. Кейде тазалап кеткен жерге қайтадан қоқыс тастап кететін жағдайлар кездеседі. Бұл жерде тек коммуналдық қызмет емес, қоғамның да ортақ жауапкершілігі маңызды.

– Астаналықтардың тазалық мәдениеті жақсы деп айта аласыз ба? Тұрғындар тарапынан көбіне қандай жауапкершілік жетіспейді?

– Әрине, астаналықтардың тазалық жағынан мәдениеті төмен деуге болмайды. Саналы азаматтар көп. Бірақ мәселе әлі де бар. Біз бір кезде тәжірибе ретінде бір аумақты қысқа уақыт тазаламай көрдік. Сонда өте аз уақыттың ішінде темекі тұқылы, балмұздақ қағазы, түрлі тұрмыстық қалдық жиналып қалды.

Бұл – қаланың тазалығы коммуналдық мекемелердің күнделікті еңбегімен сақталып тұрғанының дәлелі. Сондықтан тазалық мәдениетін бала кезден қалыптастыру өте маңызды. Әр отбасы осыған мән беруі керек.

– Қала тұрғындары мен қонақтарына қандай үндеу айтар едіңіз?

– Біз «Таза сана – таза қала» деп айтамыз. Мемлекет басшысы да «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Біз де түрлі экологиялық және мәдени іс-шараларға қатысып жүрміз.

Астана – Қазақстанның бет-бейнесі. Мұнда шетелден де, өңірлерден де қонақтар келеді. Сондықтан әр адам өзінен бастап тазалық сақтауы керек. Қоқысты арнайы жерге тастау, қоғамдық орындарды таза ұстау – үлкен мәдениеттің белгісі.

Қысқы маусымға дайындық қалай жүреді?

– Қаланың таза болуы – техниканың күші ме, әлде адамның еңбегі ме?

– Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі заманда техникасыз жұмыс жүруі қиын. Бірақ техниканы басқаратын да адам. Сондықтан әрі заманауи техника, әрі білікті маман қажет.

– Қыста боран мен қалың қар кезінде қаланың тіршілігін тоқтатпай ұстап тұрудың басты алгоритмі қандай?

– Қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деген сөз бар ғой. Сондықтан біз дайындықты ерте бастаймыз. Техникалардың барлығы алдын ала жөнделіп, қыс маусымына толық дайындалады. 

Қыс кезінде мыңнан астам адам, жүздеген техника тәулік бойы жұмыс істейді. Әсіресе, түнгі ауысым өте маңызды. Себебі көлік азайған кезде негізгі магистральдар тазаланады. Таңертең тұрғындар жұмысқа, мектепке, балабақшаға еш кедергісіз жетуі керек.

GPS, электронды жол парағы және smart-жүйе

– «Астана Тазалықтағы» цифрландыру нақты қандай өзгеріс әкелді?

– Ең алдымен қағазбастылық азайды. Құжат айналымы электронды форматқа көшірілді. Бұрын бір анықтама немесе құжат үшін бірнеше кабинет аралайтынбыз. Қазір бәрі электронды түрде жүргізіледі.

Электронды жол парағы, GPS бақылау жүйесі арқылы техникалардың қайда жүргені, қанша жанармай жұмсағаны, қай уақытта шыққаны – бәрі онлайн көрінеді. Медициналық тексерулер де автоматтандырылған. Мұның бәрі жұмыстың ашық әрі тиімді болуына әсер етті.

– 1 млн литрге жуық жанармай үнемдеу – коммуналдық сала үшін үлкен көрсеткіш. Бұл нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер?

– Бұл – дәл сол цифрландырудың нәтижесі. Арнайы бақылау құрылғылары арқылы техникалардың қозғалысы мен жанармай шығыны толық қадағаланады. GPS бақылау жүйесі артық жүру, тиімсіз пайдалану немесе басқа да тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында айтарлықтай үнем қалыптасты.

– Инновация мен озық тәжірибелерді енгізу қаншалықты маңызды? Қандай халықаралық тәжірибелерге назар аударасыздар?

– Қазір коммуналдық саланы цифрландыру – әлемдік үрдіс. Біз де түрлі елдің тәжірибесін қарап отырамыз. Бірақ Астананың ауа райы ерекше. Мысалы, Мәскеудегі кей технологиялар бізге сәйкес келмейді. Өйткені біздегі аяз әлдеқайда қатты.

Сондықтан біз климатымызға бейім технологияларды іздейміз. Канада тәжірибесіне де назар аударып отырмыз. Негізгі мақсат – «Астана Тазалықты» толық цифрланған, заманауи коммуналдық мекемеге айналдыру.

Астанаға қандай халықаралық тәжірибе жақын?

– Бішкек пен басқа өңірлердің қызығушылығын тудырған қандай тәжірибелер болды?

– Бізге Қырғызстаннан, Ақтаудан, Алматыдан әріптестер келіп, тәжірибе алмасты. Әсіресе, цифрландыру жүйесіне қызығушылық жоғары.

Қазір Астана халықаралық деңгейдегі іс-шараларды қабылдап жатыр. Шетелдік қонақтар қаланың тазалығына жақсы баға береді. Сондықтан бұл тек біздің мекеменің емес, жалпы елорданың жұмысына берілген баға деп есептеймін.

Қызметкерлерге қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

– Коммуналдық салада кадр ұстап қалудың ең үлкен қиындығы қандай?

– Қазіргі ең үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Әсіресе, жол жұмысшылары мен арнайы техника жүргізушілеріне сұраныс жоғары. Бұл мамандықтарға жастар көп келе бермейді. Сондықтан әлеуметтік қолдау өте маңызды. Біз қызметкерлерге жатақхана беріп жатырмыз. Былтыр 80 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар бір ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, қызметкерлерімізге 17 пәтердің кілті табысталды. «Отбасы банкпен» келісімшарт жасалып, бірқатар қызметкерімізге бастапқы жарна ретінде пәтер бағасының 50 пайыздық сертификаты табысталды.

Бұдан бөлек, тегін медициналық сақтандыру, балаларды лагерьге жіберу, қоғамдық көлікке тегін жол жүру, спорт кешендеріне бару сияқты әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Қыс мезгілінде түнгі ауысым қызметкерлеріне бір уақ тегін тамақ беріледі.

– Жастарды коммуналдық салаға тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Мұнда тек жалақы емес, идеология да маңызды. Қоғамда коммуналдық қызметкерлерге деген құрмет болуы керек. Бұл – өте маңызды әрі қажетті еңбек.

Біз колледждермен меморандум жасап, практиканттарды қабылдап жатырмыз. Жастар осы саланың заманауи, цифрландырылған жүйе екенін көруі керек. Болашақта бұл салаға қызығушылық артады деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында өндіріс пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға, жастарды қолдауға және қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл бастамалар бүгінгі еңбек нарығы үшін білікті маман даярлаудың және жастарға нақты тәжірибе берудің маңызын айқындайды. Осы бағытта «Астана Тазалық» мекемесі де жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Біз үшін негізгі басымдықтардың бірі – өндіріс пен колледж арасындағы сабақтастықты күшейту. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Осы мақсатта 2025 жылы қалалық кәсіптік-техникалық колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Құжат аясында студенттер «Астана Тазалық» мекемесінде ақылы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы 5 практикант өндірістік тәжірибеден өтіп, әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде төлем жасалды. Биыл бұл көрсеткіш артып, 7 студент тәжірибеден өтіп жатыр. Ең қуантарлығы – олардың арасында болашақта коммуналдық салада еңбек етуге ниетті жастардың бар болуы.

Өндірістік тәжірибе барысында студенттер арнайы техникалардың жұмысымен танысып, күнделікті еңбек процесін өз көзімен көреді. Бұл олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Біз мұндай жобаларды болашақ кадрлық әлеуетті қалыптастырудағы маңызды қадам деп санаймыз.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Астана Тазалық» ЖШС, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы бірлесіп ауқымды ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды. Түрлі сала өкілдерін ортақ мақсатқа біріктірген іс-шара барысында 100-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бастама тек көгалдандыру жұмысы ғана емес, қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың нақты көрінісі болды.

Іс-шара аясында үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға, өндіріс пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға және қоғамда табиғатқа жанашырлық мәдениетін дамытуға бағытталған.

Біз үшін тазалық – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, ол қоғам мәдениетінің, тәртіп пен жауапкершіліктің айнасы. Сондықтан жастарды осы салаға тарту, еңбек адамының беделін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі.

Бүгінде «Астана Тазалық» мекемесінде 1500-ден астам қызметкер еңбек етеді және 420-дан астам арнайы техника бар. Күн сайын елорда тазалығы үшін тынымсыз жұмыс істеп жүр. Коммуналдық қызмет саласы қызметкерлерінің еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Себебі олар қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға күн сайын үлес қосып келеді.

Алдағы уақытта да біз өндіріс, білім және қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, жастарды қолдау, экологиялық мәдениетті дамыту және елорданың тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз. 

– Бірнеше жылдан кейін астаналықтар «Астана Тазалықтың» жұмысынан қандай нақты өзгерісті сезінуі керек?

– Болашақта әр ауданның заманауи техникамен жабдықталған жеке базасы болса деп ойлаймын. Барлық процесс толық цифрландырылып, жүйелі жұмыс істеуі қажет.

Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, коммуналдық сала заманауи әрі беделді жұмыс орнына айналуы керек. Ал тұрғындардың тазалық мәдениеті де жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!