Алматы облысында жекеменшік мектеп ұстаздарына 76 млн теңгеге жуық жалақысы төленбеген

Бүгін, 11:07
Думан Аманжол Думан Аманжол
Алматы облысында жекеменшік мектеп ұстаздарына 76 млн теңгеге жуық жалақысы төленбеген
фото: Оңалхан Өнерхан

Алматы облысының прокуратура органдары еңбек заңнамасының сақталуы мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері 2 ұйым қызметкерлеріне жалақы бойынша берешек болған. Прокурорлық шаралардың нәтижесінде 1 626 жұмысшының  құқықтары қорғалып, 487 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы толық өтелді.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Алайда Еңбекшіқазақ ауданындағы «ALTYN ADAM» жекеменшік мектебі ұзақ уақыт бойы 134 педагогке жалақы төлемеген. Берешек сомасы 75,9 млн теңгені құрады, делінеді хабарламада.

Прокурорлық араласу нәтижесінде кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылып, еңбек инспекциясы тарапынан заңбұзушылықтарды жою нұсқамасы берілді. Қазіргі уақытта жалақы толық көлемде төленді. Айта кетейік, биыл прокуратураның араласуымен 18 839 азаматтың құқықтары қорғалды.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстанда алаяқтық жолмен 20 млн теңге жымқырған тұрғын сотталды.