Астанада тамақтану орындарына ит еті жеткізілетіні туралы ақпарат жалған - «Астана Ветсервис»
Астана қаласы әкімдігінің «Астана Ветсервис» мекемесі елордадағы қоғамдық тамақтану орындарына ит етінің жеткізіліп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мекеменің түсіндіруінше, әлеуметтік желіде тараған мәліметтер 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталған оқиғаға қатысты болған.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде расталған жоқ, делінеді ресми мәлімдемеде.
Елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі. Оның аясында ілеспе құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады. Сондай-ақ, бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтарға байланысты деректер анықталмаған.
Жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Елордада жануар тектес өнімдерге, жеткізушілерге және санитариялық-ветеринариялық талаптардың сақталуына жүйелі түрде мониторинг пен тексеру жүргізіліп отырады.
Мамандар азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.