Полиция бірқатар өңірде алты келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі
Еліміздің бірқатар өңірінде синтетикалық есірткі арналары жойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ел аумағында синтетикалық есірткіні тарату арналарының жолын кесу шарасын жалғастыруда. Мамыр айының екінші онкүндігінде синтетикалық есірткінің аса ірі партияларын тәркіледі
Алматыда жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қала тұрғыны ұсталып, одан екі келіден астам альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Мегаполисте тағы бір күдікті ұсталды. Жігіттің тұрғылықты жерін тінту кезінде шамамен бір келі синтетикалық есірткі мен психотроптық әсері бар дәрілер тәркіленді.
Шығыс Қазақстан облысында интернет-дүкен кураторының тапсырмасымен өңірлерге есірткі тасымалдаумен айналысқан Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктіден екі келіден астам есірткі тәркіленді.
Қарағанды облысында «Алматы – Екатеринбург» тасжолында ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тасымалдаушы ұсталды. Көлік салонын тінту барысында бір келі альфа-PVP синтекалық есірткісі тәркіленді.
«Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы алты келіден астам. Заңсыз айналымға 18 мыңнан астам бір реттік доза жіберілмеді. Яғни, мыңдаған жастардың өмірі мен денсаулығына зиян келмеді.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір өзге де қатысы бар тұлғаларды анықталып жатыр. Барлық күдікті ер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жазғы демалыс қарсаңында ІІМ жастарды есірткі таратып, «жеңіл ақша» табу туралы жалған ұсыныстарға алданбауға шақырады», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Еске салсақ, Ақмолаға 120 түйіншек синтетикалық есірткі әкелген шетелдік ұсталды.